Кері

Kaspi bank маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға биылғы жылы 36 млн. теңге бөліп отыр

11.11.2009 18:03

АЛМАТЫ. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы перинатальды орталығы жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат Kaspi bank баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы перинатальды орталығында шала туылған нәрестелердің өмірін сақтауға қажетті бұл жабдықтарды алу үшін банк  "Аяла" қайырымдылық қорына 15 миллион теңге бөлген болатын. Бұған жаңа туылған нәрестелердің реанимациялық бөліміне 15 реанимациялық үстел мен тыныс алдыруға арналған 11 СРАР аппараты алынды.

 Айта кетер жайт, Алматы перинатальды орталығында жылына 7-7,5 мың нәресте өмірге келеді. "Бұл аталмыш орталыққа   кaspi bank тарапынан жасалып отырған алғашқы көмек емес. Олар өткен жылы да  ерте дүниеге келген нәрестелердің өмірін қамтамасыз етуге арналған бірқатар құрал-жабдықтарды алуға жәрдемдескен болатын. Салмағы 500 грамм ғана болатын нәрестелерді арнайы жағдай жасамай және  қажетті құрал-жабдықсыз күту мүмкін емес. Бізді қазір  перинатальды өлімнің 2008 жылмен салыстырғанда азайғаны қуантады", дейді орталық директоры Эльмира Жақашева. Ал Кaspi bank  Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің айтуынша, биыл олар маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 36 миллион теңге бөлген. Соның арқасында   Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 5 балалар үйінде компьютерлік сынып ашылды. Сондай-ақ Семей қаласындағы мешіттің құрылысы үшін Семей" қайырымдылық қоры (7 миллион теңге) мен банк клиенттері болып табылатын  соғыс  ардагерлеріне (14 миллион теңге)  қаржылай көмек көрсетілді.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат