Кері

Патриоттар партиясы дауыс берудің қорытындысы күштердің нақты арасалмағын бейнелейді деп санайды

16.01.2012 21:11

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан патриоттары партиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауының қорытындысы бойынша мәлімдеме таратты.

«15 қаңтарда болып өткен Парламент мәжілісі мен мәслихаттарының кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы додаға қатысқан бірлестіктер арасында Қазақстан патриоттары партиясы алтыншы орынға ие болды. Дауыс берудің алдын ала нәтижелері бізді 100 мыңнан кем емес дауыс берушілердің қолдайтынын дәлелдеді. Бұл, әрине, біздің жас бірлестігіміз үшін үлкен табыс болып табылады.

Сайлау науқаны басталғанға дейін біз алдымызға мақсат қойдық - бұл өз идеяларымызды халыққа жеткізу, тұрғындарды мазалайтын өткір әлеуметтік мәселелерге назар аудару болды. Біздің партиямыз осыны іске асыра алды.

Мойындау керек, болып өткен сайлау еркін және әділ өтті. Сайлау науқанының барысында, кандидаттарды ұсынудан бастап дауыс беру қорытындысы шығарылғанға дейін таза бәсекелестік күрес жүріп жатты. Сайлау қатысушыларының барлығы БАҚ-қа тең қол жеткізді, мемлекеттік органдар тарапынан сайлау процесіне араласудың қандай да бір фактілері байқалған жоқ. Заң талап еткендей, процедуралық сәттер сақталды.

Патриоттар партиясы дауыс берудің қорытындысы күштердің нақты арасалмағын бейнелейді деп санайды. Қазақстандықтардың басым көпшілігі дамыған мемлекет пен демократиялық қоғамды құрудағы табыстарды «Нұр Отан» ХДП-мен байланыстырады.

Біздің партиямыз елдің Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған стратегиялық бағытын толығымен қолдайды. Біз ол басқарған «Нұр Отан» партиясын сайлаудағы айқын жеңісімен шын жүректен  құттықтап, партияның бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруда әрі қарай табысқа жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз».

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат