Кері

Сайлау қоғамның демократиялануының басты тірегі - профессор Серік Нұрмұратов

17.01.2012 17:04

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Сайлау кез келген қоғам үшін саяси оқиға ретінде маңыздылығы зор құбылыс. Жалпы демократия ұстанымдарын қоғамдық ортада паш етудің бүгінгі таңдағы бірден-бір әрекетті құралы Парламентке, Мәслихатқа сайлау болып табылады. Әрбір мемлекеттің тұрғындары сайлау арқылы өздерінің демократиялық құқықтарын жүзеге асырады, сонымен қатар олар мемлекетті басқару ісіне белгілі бір деңгейде қатысады, яғни қоғамның төл перзенті екенін сезінеді.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институтының қазақ руханиятын зерттеу орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов ой бөліседі.

Адамзат өзінің көп ғасырлық тарихында әртүрлі соқпақтардан өтіп, биліктің көптеген түрлерін өзіне бағдар еткені белгілі. Қатыгез монархтардың режимдері мен коммуналық тәсілмен қоғамды ұйымдастырудың сипаттарын да басынан өткізді.

Қазіргі жаһандану заманында өркениетті дамыған ел қатарына қосылу үшін, алдыңғы қатарлы қауымдастықтардың ортасынан лайықты орын алу үшін біз көпшіліктің мүддесін барынша ескеретін, көп мәселені ашық түрде шешетін  қоғамға айналуымыз керек. Бұл талапты «ашық қоғам» теориясын алға тартқан батыстық қоғамтанушы мамандар үнемі ескертіп отырады. Осындай қадамдардың шын мәнінде өмір қажеттілігі екенін зерделеп те үлгердік, яғни «демократия» деген құндылық адамның саяси болмысын айғақтаудағы басты бағдар екенін көзі ашық ағайын байқап отыр.

Тәуелсіздікті күн өткен сайын бекітуге, нығайтуға арналған жиырма жыл міне өтті де кетті. Өткен тарихи кезең еліміз үшін түп-түзу сызықтай болды деуге болмайды. Оның қомақты жетістіктері де, өзіндік әттеген-айлары да болғанын жасыруға болмайды. Ең бастысы, қоғамымыз бұрынғы қыспақтарда тоқырап тұрып қалған жоқ, кейін қарай құлдыраған жоқ, ыдырап кетуге жол берілген жоқ, негізінен жіберілген қателіктерді жеңе отырып алға жылжуға ұмтылумен болды. Көптеген заңдар өзгерістерге ұшырады, нарықтық қатынастардың негізгі тетіктері жұмыс істей бастады, демократияланудың практикалық сабақтарын ала бастадық.

Енді жылдар бойы әртүрлі салаларда жинақтаған құнды дүниелерімізді шашпай-төкпей өркендетуімізге бет бұратын уақыт та жетті, яғни әрбір азаматымыздың мағыналы өмірінің ұйымдастырылуына, оның тұлға ретіндегі өзіндік ерекшеліктерінің паш етілуіне назар аудару міндеті алға шыға бастайды. Қоғамның негізгі байлығы - Адам, оның мүдделері, оның өмірі мен еркіндігі. Осы сан қырлы адам болмысының бір сипаты саяси саладағы сауаттылық. Сондықтан қазіргі кезеңде адамның саяси дүниетанымының шынайы сипатта өрбуі өте маңызды мәселе, өйткені ол өзінің тұлғалық еркіндігінің бір қырын сайлауға дауыс беру арқылы қатысуымен немесе сайлануымен білдіре алады.

Жақында өткен сайлаудың алдында үлкен пікірсайыстардың, яғни жеті партияның арасында теледебаттың ұйымдастырылуы демократиялану жолындағы қарышты қадамдардың қатарына жатады. Бұл сайлаудың жалпы ерекшелігі болашақ Қазақстандық  Парламентте көппартиялық өкілеттіліктің болатындығына сайлаушыларда сенімділіктің арта түсуі еді. Бұрын осындай өзара сұхбаттарға бармаған партиялар енді өздерінің түпкі мақсаттарының түйісетін жері мен айырмашылықтарын анық сезіне бастады.

Жалпы барлық партиялар да қоғамымыздың өркендегенін қалайды, әрбір азаматтың мүддесін қорғауға ұмтылады, қоғамдағы жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелер төңірегінде белсенді қызмет етуге дайын екенін білдіреді, бірақ олардың бағдарламаларындағы айырмашылық басымдылықтарды анықтауда екені байқалды. Біздің қоғамымыздағы қордаланған проблемаларды шешуге қабілетті парламентті құрай алсақ, онда сайлау діттеген мақсатына жеткені. Енді оны уақыт көрсетеді және болашақ депутаттардың біліктілігі анықтайды.

Айта кететін жағдай - жаңа парламент өкілдері өзінің қызметін нағыз кәсіби деңгейде атқаруы үшін оның алғашқы екі айында парламентаризм теориясы мен практикасы бойынша білікті мамандардан дәрістер алғаны да артықтық етпейді, себебі әртүрлі салалардың мамандары қоғамдағы саяси саланың түптамырын анықтардың алдында оның маңызды қырларынан, түбегейлі маңызынан мағлұмат алғаны абзал. Ол депутаттардың заң қалыптастыру саласындағы өз қызметтерін сапалы да саналы атқаруға біршама демеу боларына күмән туғызуға болмайды.

Республика тұрғындарының сайлауға қатысуындағы белсенділіктің әртүрлі аймақтардағы, қалалардағы әрқилылығы бір жағынан заңды болса, екінші жағынан олардың арасындағы пайыздық айырмашылықтың біршама алшақтығы алаңдатады. Мәселен, Алматы мен Астана тұрғындарының сайлауға баруға, дауыс беруге құлықтарының төмендігі байқалды. Не себептен осындай саяси енжарлық көрініс беріп отыр? Бұл еліміздің саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдары тереңдеп зерттейтін мәселе екені анық. Бұл жағынан алғанда жоғары саяси жауапкершілікті қарт кісілер танытса, орта жастағы қалалық азаматтардың біршамасы өздерінің саяси немқұрайлылығымен жастарға нағыз теріс мағынадағы «дәстүрді» табыстап жатқанын байқамай да қалған іспетті.

         Сайлау қалайда біз өмір сүріп отырған этносаяси кеңістіктегі іс-шараларды тиімді деңгейде ұйымдастырудың өзіндік тетігі, қоғамды демократиялану жолымен дамытудың бір құралы. Кезінде қазақ руханиятының көрнекті тұлғалары Абай да, Шәкәрім де, Мағжан да жастарға, олардың болашағына сенетіндігін білдірген. Еліміздің ертеңін ойлауымыз  - оның жастарының қандай құндылықтарды қадір тұтатынымен, асқақтатынымен астасып жатады, бұл мәселеге үстірт қараушылық қоғамда қадау-қадау мәселелерді туындататынын, кейбір ауытқушылықты өрбітетінін өмір көрсетіп отыр. Діни сипаттағы лаңкестік, әлеуметтік мәселелерді шешуде криминалдық жолды таңдау жастардың бойына сіңе беретін болса, онда жастардың ішіндегі рухани дағдарыс ұлғая түседі. Оған жеткізбеудің жолы қоғамдағы рухани тәрбиені дұрыс жолға қоя білу, жастардың рухани әлемінің назардан тыс қалмауы. Жаңа сайланатын депутаттар осы мәселенің төңірегінде барынша белсенділік танытса құба-құп деген ойдамыз.

Біз қазір халқымыздың зияткерлік ұлтқа, алдыңғы қатарлы қауымдастыққа айналғанын қалаймыз. Ол дегеніңіз шын мәнінде тек өз басының қамын ойлаған тұтынушы қоғамның ұстанымдарымен ғұмыр кешетін жас ұрпақты тәрбиелеу емес. Керісінше, Ақиқатқа құмар, еркіндікті сүйетін, жан дүниесінде руханилықтың жылуы бар, қоғамдағы барлық мәселелерді өз бойынан өткізетін, басқаларға көмек беруге дайын тұратын білімді жастарды тәрбиелеу, жаңа әлеуметтік организмді қалыптастыру. Сондықтан қоғамымызда болып жатқан кез келген саяси, мәдени оқиғалардан әрбір азамат шеттеп қалуға болмайды. Ол біздің ортақ тағдырымыз, еліміздің бүгіні мен болашағы. Ғаламтормен қаруланған жас ұрпаққа шынайы өзара араласу, өзара біріге өмір сүру тәжірибесі жетпейтіндей әсер қалдырады. Жалпы қазақ халқы да, түркілер ділі де этикалық құндылықтарды жоғары дәріптеген, осы игі дәстүріміз жаңа заманның материалистік  бағдарымен қайшылыққа түсіп жатқаны да белгілі. Осыған орай сайлаудың түпкі астарында болашағымыз қайсы бағытта өрбуі тиімді деген сауалдың жауабын табумен астасып жатады.

      Қазақстан көп партиялы парламентті қалыптастыруға қадам жасады. Еліміздің мәслихаттарында лайықты азаматтар қызмет атқармақшы. Осының барлығы жағымды жаңалық. Тек оларға қарап отырмай зиялы қауым өзінің нағыз зиялылығын танытатын кез де келді. Өзің мен өзгені құр мақтаумен, немесе мақтанумен айналысқан азаматтар өндірімді іс бітірмейді. Ең дұрысы - «дарынды емес бала болмайды» деп педагогтар айтқандай, бұл дүниеде әркімге де әйтеуір бір саладан шеберлік танытуға мүмкіндік берілген, мәселе сол қабілетті қоғам үшін барынша шығармашылықпен паш ете білуде. Шығармашылығын шектеген адам өзін әлеуметтік механизмнің тетігіне айналдырады. Міне, осы адамды қадірлеу дәстүрін қалыптастыруға, дамытуға сайлаудың ықпалы тиіп жатса, онда демократияланудың жаңа бір лебінің қоғам болмысына келіп жеткенін білдіреді.      

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат