Кері

Қазақстан демократияның даңғыл жолына түсті

17.01.2012 19:56

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Күні кеше ғана аяқталған ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқанына қатысты шетелдік бақылаушылар сан алуан пікірлер айтуда. «Сырт көз - сыншыл» демекші, олардың ішінде нақты сын-ескертпелер де жоқ емес. Бірақ, ашығын айту керек, дауыс беру барысын бақылаған бір мыңға жуық халықаралық байқаушылардың басым бөлігі Қазақстандағы демократиялық реформаларға жоғары баға беріп отыр.

Тәуелсіз 20 жылдың ішінде демократияның мінсіз моделін құру мүмкін емес. Оны бәрі біледі әрі жақсы түсінеді. Дегенмен, кеңестік жүйенің құрсауынан шыққан Қазақстанның осы уақыттың ішінде жасағаны көп. Әрине, «ескіліктің» психологиясы әлі қалған шығар. Бірақ Орталық Азия аймағында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін алғашқы болып ұстаған Қазақ елі бүгінде осы ұйымның демократиялық үдерістерді дамыту бойынша жүктеген міндеттерін барынша орындап келеді. Оны күні кеше ғана аяқталған кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы көрсетті.

Негізі, бүгінгі таңда халықаралық деңгейде біраз жетістіктерге жеткен Қазақстанға деген әлемдік қауымдастықтың көзқарасы ерекше. Содан болар, биылғы сайлау науқанына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық қауымдастығының Парламентаралық ассамблеясы, Еуроодақтың Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары және демократиялық институттар жөніндегі бюросы, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Шанхай ынтымақтастық кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, сондай-ақ шет елдердің біраз тәуелсіз бақылаушылары келіп қатысты. Олардың басым бөлігі Қазақстандағы сайлауға оң баға беріп, еліміздегі демократиялық реформалардың ары қарай жалғасатындығына сенімді.

Еуропадан келген Германияның Аспен институтының сарапшысы Маттиос Дорнфельд Қазақстанның электоралды тәжірибесін өзге елдермен салыстыра отырып, былай дейді: «Мен біраз елдердің сайлау науқандарын бақылаған едім, қай мемлекеттер екенін айтпай-ақ қояйын. Онда дауыс беру кезінде көптеген заң бұзушылықтар болды: сайлаушыларға қысым жасалып, заңсыз қол қою оқиғалары да кездесті. Оны Қазақстандағы сайлаумен салыстыруға болмайды. Менің байқауымша, мұнда дайындық жұмыстары жақсы. Маған ұнаған тағы бір жәйт, сайлау учаскелері орналасқан жерлер кең әрі ыңғайлы. Басқа елдерде болса, сайлау учаскесі тар жерде ашылып, халықтың қаптап кететіні сонша, ине шаншар жер таба алмай қаласың. Жүріп-тұрудың өзі қиын. Қазақстанда ондай жоқ. Сайлау учаскесінің орны кең, дауыс беру жәшігі көрінетін жерге қойылады екен», - дейді ол. Еуропа құрлығының тағы бір өкілі, Чехия Парламентінің экс-спикері Мирослав Влчек әріптесінің бұл ойын құптап, сайлауды өткізу жағынан Чехия мен Қазақстанның арасында ешбір айырмашылықтың жоқ екендігін мәлімдеп отыр. Ал Австриядағы Вена Ландтагының (Парламент) депутаты Омар Әл-Рави Қазақстандағы сайлау әділ өтті деп санайды. Эстония Парламентінің мүшесі Ааду Муст болса, Қазақстанда сайлауды мерекелік іс-шара ретінде өткізу бастамасына баса назар аудара отырып: «Біздің жақта сайлау кезінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмайды, ал сайлаушыларға сыйлықтар берілмейді. Ол жағынан Еуропа сайлаудың үлкен мейрам екендігін ұмытқан сияқты», - деді. 

Еліміздегі сайлау науқанын кеңінен бақылағандардың бірі Ресей Федерациясы болды. 200 бақылаушысы бар көрші елдің делегациясы Қазақстандағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау барысын барынша қамтып, дауыс беру барысын жіті бақылауға тырысты. «Сол себепті біздің атымыздан осындай үлкен делегация келді. Негізі, Қазақстандағы сайлау тыныш жағдайда өтті: халықты ешкім күштеп әкелмеген сияқты, бәрі өз еркімен келіп, дауыс берді», - дейді РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Олег Савченко. ТМД-ның бақылаушылар миссиясының басшысы Владимир Гаркун да  Қазақстандағы сайлау барлық демократиялық нормаларға сай деп бағалады. «Бұл сайлау - Қазақстан Республикасының демократиялық құндылықтарды күшейту жолында жасаған аса маңызды қадамы. Осында өткен сайлау науқанын бақылау барысында біз сайлаудың нәтижесіне әсер ететін қандай да бір заң бұзушылықтарды анықтаған жоқпыз. Миссияның бағасы бойынша Қазақстандағы сайлау елдің заңнамасына сай әрі демократиялық нормаларға сәйкес өтті. Сайлау ашық  жағдайда ұйымдастырылып, дауыс беру құпиясы толығымен сақталды. Менде бір-ақ ұсыныс бар. Дауыс бергеннен кейін, сайлау бюллетеньдерін арнайы конвертке де салуға болады», - деді В.Гаркун.

Әрине, Жаңаөзен қаласында болған сайлау байқаушылардың басты назарында болды. Себебі бас кезінде ол жерде сайлауды өткізу-өткізбеу мәселесі бойынша біраз пікірталастың болғанын халық жақсы біледі. Дегенмен, ақыр аяғында ол қалада сайлауды ұйымдастыруға рұқсат берілді. «Негізі, Жаңаөзен қаласында сайлауды өткізу туралы шешім құқықтық жағынан ғана емес, саяси тұрғыда да дұрыс шешім болды. Әрине, ондай шешім қабылдау оңай емес. Себебі бір жағынан - төтенше жағдай болса, екінші жағынан - сайлау, яғни азаматтардың конституциялық құқықтары ескерілуі шарт», - дейді Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынджы. Оның айтуынша, Жаңаөзенде сайлау өтпеген жағдайда халықаралық қауымдастықта басқаша көзқарас қалыптасатын еді.

Жаңаөзен қаласында болып қайтқан бақылаушылардың бірі, Қазақстан-Ұлыбритания парламентаралық тобының төрағасы, Лордтар палатасының мүшесі Джон Уэверли Қазақстандағы сайлауға арнайы, Жаңаөзен қаласындағы дауыс беруді бақылау үшін әдейі келген екен. «Мен өткен жылы Қазақстанның Жаңаөзен қаласында болған төтенше жағдай туралы жақсы білемін. Сол себепті «Ол жердегі сайлау барысы қалай болады?», деп, Жаңаөзенге арнайы барып, халықтың дауыс беруін көрдім», - дейді лорд Дж.Уэверли. Іс-сапар барысында шетелдік бақылаушы он бірдей сайлау учаскесін аралап, ол жердегі дауыс беруді бақылап көрді.  «Мен өзім Жаңаөзен қаласында өткен дауыс беру барысына қанағаттанамын. Маған сайлауға дайындық жұмыстары ұнады. Бүгінде қандай да бір кемшіліктер болды деп айту қиын. Сол себепті ешқандай ескерту жасай алмаймын. Сайлау учаскелерінің барлық мүшелері, байқаушылар өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біледі екен», - дейді ол. Лорд Дж.Уэверли Маңғыстау облысының елді мекендерінде орналасқан басқа сайлау учаскелеріне де барып, қандай да бір өрескел тәртіп бұзушылықтарды анықтаған жоқ.

Негізі, бүгінде жаңаөзендіктер қаладағы төтенше жағдайды алып тастауды сұрап отырған көрінеді. Олар бұл өтініштерін Қазақстандағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияға айтқан екен. «Бүгінде Жаңаөзен қаласындағы хал-ахуал тұрақты әрі тыныш. Сол себепті бізбен кездескен қала тұрғындары төтенше жағдайды тезірек алып тастауды сұрап отыр. Себебі бұл режим тұрмыстық мәселелерді шешуге көп кедергі жасайды. Мәселен, үйлену тойын өткізу үшін қала комендантынан рұқсат алу қажет. Бұл көп уақытты алады», - дейді Қазақстандағы саяси-гуманитарлық конъюктура орталығының басшысы, саясат ғылымдарының докторы Есенжол Алияров.

Сонымен, «Қазақстанда өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлау демократиялық үдерістерге сай өтті ме?», - деген сауалға біздің жауабымыз «Иә, өтті. Бірақ бізге осы жолда әлі біраз еңбек ету керек!» дегенге саяды.  Шетелдік бақылаушы лорд ДжонУэверли Қазақстандағы демократияның даму болашағын былай деп бағамдайды: «Мен білемін, соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстан демократияны дамыту  жолында біраз жұмыс жасады. Мәселен, осы жолғы сайлаудың нәтижесі бойынша Қазақстан Парламентіне үш бірдей партия кіріп отыр. Бұл - жаман көрсеткіш емес. Әрине, алдағы уақытта бұл демократиялық үрдіс үдей түседі. Мен өзім Қазақстанның осы жолдағы жұмысын жоғары бағалаймын. Демократия бір күнде келмейді. Бұл - ұзақ уақытты қажет ететін үрдіс. Қазақстан ол үрдісті барынша үдетуге тырысып келеді», - дейді ол.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат