Кері

Алматы метросының алғашқы миллионыншы жолаушысы - қала тұрғыны Әділжан Псяев

18.01.2012 10:33

  АЛМАТЫ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат  /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы метросының  алғашқы миллионыншы жолаушысы қала тұрғыны Әділжан Псяев болды.

«Алматымастерцентр» компаниясында сәулетші болып жұмыс жасайтын ол «Жібек жолы» метро бекетінде өзінің жол жүру картасын толықтырмақ болған көрінеді.

«Менің жұмыс орным М. Әуезов атындағы драма театры метро бекетінің жанында болғандықтан, мен метро көлігінің қызметін күніне кем дегенде 2 рет пайдаланамын. Жалпы, Қазақстандағы тұңғыш метро бекетіне келген кезде әрдайым менің кеудемді мақтаныш сезімі кернейді»,-дейді. Ә. Псяев.

Оған миллионыншы жолаушы болғаны үшін «Алматыметрополитен» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Мұрат Өкшебаев 3 айлық мерзімге метрополитэн қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін мастер карта тарту етті.

«Біздің бірінші құрметті жолаушымыз 2 желтоқсан күні метроның ашылу рәсімі кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Біз өзіміздің алғашқы миллионыншы жолаушымызды атап өту қажет деп шештік. Бүгін өздеріңіз көргендей, бұл мәртебеге алматылық Ә. Псяев ие болды. Жалпы, «Алматыметрополитен» қызметін пайдаланушылар желтоқсан айында тәулігіне 35-40 мың адамды құраған еді. Қаңтар айының бас кезінде бұл сан 25 мың адамды құрады. Ал қазіргі таңда 16-17 мың болып отыр. Мұның себебі, еліміздегі тұңғыш метро қызметін  бастапқы кезде қала тұрғындары мен қонақтары көріп тамашалау үшін пайдаланса, қазір олар енді нақты өз қажеті үшін қолдана бастады»,-деді М. Өкшебаев.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат