Кері

Әрбір судьяға қойылатын талаптар барынша күшейтілді - Жоғарғы Сот төрағасы

18.01.2012 17:17

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әрбір судьяға қойылатын талаптар барынша күшейтілді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.

«Жұмыс жүктемесі жоғары өңірлерге судьялардың санын көбейтуге, ал керісінше жұмыс жүктемесі төмен жерлерде судьялардың санын азайту тетігі қолданылып отыр. Әрине, бүгінде Қазақстан бойынша әрбір 100 мың халыққа шаққанда судьялардың саны көптеген мемлекеттерге қарағанда төмен», - деді Б. Бекназаров.

Осы орайда, ол 2010 жылы мемлекеттік қызметкерлердің санын оңтайландыру бағытында республика бойынша судьялардың саны 378 бірлікке қысқарғанын жекізді.

«Соған қарамастан, қазіргі сот корпусы 2011 жылы жұмыс көрсеткіштері бойынша, яғни негізгі параметрлер аясында жұмыстың дәрежесін сол деңгейде ұстап отырды. Біз қазір бұл мәселе бойынша әрбір судьяға қойылатын тәртіпті, сондай-ақ сот төрағаларына қойылатын талаптарды барынша күшейтіп, қазіргі жүктеме тұрғысында жұмыстарды атқаруды жүктеп отырмыз»,-деді Б. Бекназаров

«Бүгінде мемлекеттің тарапынан олар өз жұмысын таза әрі сапалы істеуге барлық қадамдар жасалды. Жалпы айтқанда, Қазақстандағы сот жүйесі әлемдік стандарттарға барлық параметрлермен сәйкес келді. Біз сот жүйесін реформалауда көптеген мемлекеттерден алдыңғы қатарлы орындарда келе жатырмыз»,-деп түйіндеді төраға.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат