Кері

Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың дамуы үшін Қазақстан экономикасының әртарапты болуы өте маңызды - Нидерланды Корольдігінің ҚР-дағы Елшісі Питер ван Леувен

19.01.2012 16:42

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазақстан егеменді дамуының 20 жылы ішінде әлемдік қоғамдастықтың жауапты қатысушысына айналып, бүкіл әлемге ашықтығы мен ықпалдастығы саналы таңдауы болды. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та сөз сөйлеген кезінде бірнеше мәрте айтқан еді.

Біздің тілшімізбен арадағы әңгімеде Нидерланды Корольдігінің елшісі Питер ван Леувен Қазақстан мен Голландия арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы жан-жақты сөз қозғайды.

- Сіз Қазақстан мен Нидерланды арасындағы түрлі салаларда қол жеткізілген ынтымақтастықтың даму деңгейін қалай бағалайсыз?

- Егерде сауалдың сапалық жағынан сөз қозғайтын болсақ, онда мен Қазақстанмен біздің ынтымақтастығымыздың деңгейін барлық күткенімізден де артық деп айтар едім, яғни өте жақсы. Дегенмен, сандық жағынан алғанда бұл деңгей одан да жоғары бола алар еді. Мен біздің ынтымақтастығымыз, ең алдымен экономикалық салада кеңейе түсуі қажет дер едім. Сонымен қатар біздің әріптестігіміздің саяси салада, азаматтық қоғам саласында барынша тығыз болғандығын байқағым келеді.

- Қазіргі уақытта Нидерланды үшін Қазақстанмен ынтымақтастықта қандай бағыттар барынша өзекті болып табылады?

- Біз үшін ең өзектісі сауда-экономикалық ынтымақтастық болып табылады әр мұның Қазақстан үшін де маңызы жоғары.

- Сіздің көзқарасыңызша, Қазақстан қандай салаларда сіздердің елдеріңізбен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ұмтылуы тиіс?

- Біздің елдеріміз ауыл шаруашылығы саласында барынша белсенді ынтымақтасуы қажет деп санаймын, өйткені бұл салада бізде мол тәжірибе жинақталған. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау саласында да ынтымақтастықты дамыту қажет. Таяуда сіздердің өңірлеріңізде шығарындылар туралы есеп жарық көрді және де мен бұл мәселені сіздердің лауазымды тұлғаларыңызбен талқыламақпын. Өйткені жаһандық жылынумен күресу үшін көмірқышқыл шығарындыларын  төмендету қажет. Не дегенменде қоршаған ортаны қорғау мәселесі Қазақстан үшін де өте өзекті. Тіпті бүгінде де Астана көшесіне шыққан кезде біздер жылдан жылға шығарындылардың ұлғайып келе жатқанын көреміз. Тіпті бұл өңірдің ауасы таза болғандығына қарамастан-ақ. Егер Алматымен салыстырар болсақ, онда бұрынғы астанада ауаның ластануы әркезде де үлкен проблема болды. Ал ендігі уақытта Астанада да бұл өте өзекті болып келеді. Мүмкін қазір қыс болғандықтан көп отын пайдаланылатындықтан да шығар. Бұл елордада өте қатты сезіледі. Өткен аптада мен Алматыда болып, Шымбұлаққа бардым, онда өткен жылы орын алған дауылда көптеген ағаштардың құлап қалғандығын көрдім. Бұл да біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты бола алады. Өйткені Голландияда ормандарды қалпына келтіру бағытында өте жақсы тәжірибе бар. Бізде «Вахнинг» ауыл шаруашылығы институты бар, онда ормандарды қалпына келтірудің арнайы әдіс-тәсілдері жасалады. Институт өзіндік зерттеулер негізінде бірқатар елдердің ормандарын қалпына келтіру бойынша бағдарламалар әзірлейді. Нақтылай түсейін, біздің университеттер, оның ішінде «Вахнинг» те  түрлі бағдарламалар әзірлеп, осындай бағдарламаларға зәру елдерге ұсынады.

Сонымен қатар қызмет көрсету, туризм, қаржы, көлік, оның ішіне әуежай құрылысы сынды салалар бар. бұл салаларда да Голландия эксперттік қызметтер ұсына алады.        

- Сіздің пікіріңізше, Қазақстанның Ресей және Беларусьпен экономикалық ықпалдастықты тереңдете түсуі біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың перспективасына қалай әсер етеді?

- Әрине, бұл біздің ынтымақтастығымызға теріс ықпал етеді деп санамаймын. Қазақстанға Ресей мен Беларусьпен ықпалдасу үдерісі арқылы  халықаралық аренадағы ірі экономикалық ойыншыға айналуға мүмкіндік зор және де бұл Нидерландыға сіздердің елдеріңіз арқылы жаңа нарықтарға шығуға жол ашылатындығын білдіреді. Біз ықпалдастық үдерістердің дамуын жіті қадағалап отыратын боламыз және менің ойымша, Кеден одағының арқасында Нидерланды үшін бұдан да қызықты нарық пайда болады. Қазақстан халқы айтарлықтай көп емес, ал кедендік шекараларды жою арқылы нарық біршама үлкейе түседі. Таяуда мен Қазақстанда құбыр өндірісін жолға қоймақ ниетте жүрген голландтық бизнесменмен тілдестім. Ол да ендігі уақытта нарықтың кеңейе түсетіндігін атап өтеді.  Жалпы көптеген голландтық бизнесмендердің осы пікірмен келісетіндігіне сенімдімін.          

- Қазақстанға қатысты голланд тарапына қандайда бір қиындықтар мен проблемалар, мәселен, бизнес, туризм салаларында бар ма?

- Толықтай алғанда, мен айтарлықтай проблема көріп отырғаным жоқ. Кейде біздің азаматтарда Голландиядағы Қазақстан елшілігінен қазақстандық виза алу барысында қиындықтар туындап жатады. Бұл Елшілік жұмысына қатысты емес, тек заңнамалық талаптарға ғана байланысты. Біздің виза беру жүйеміз қазақстандық Елшіліктікіне қарағанда айтарлықтай оңтайлы, бізде өтініш берген қазақстандықтардың 98-99 пайызы виза алады. Біз ешқашан виза беруден бас тартпаймыз. Елдер арасында саяхат жасау қиын емес іс болуы керек. Бұл жаһандану жағдайында маңызды. Виза алу барысында туындаған қиындық бизнес пен туризмнің дамуына оң әсер етпейтін болады.  Мен әрқашанда да әртүрлі елдердің адамдары, әсіресе елшілік қызметкерлері виза сол елдерге сапарлауда тосқауыл болмауы керектігін ұғынуы қажет екендігін түсіндіремін. Визалық режім елге осы үдерісті ұйымдастыруға және жүйелендіруге көмектесуі керек, дегенмен оны қиындатпауы тиісті. Осы тұрғыдан алып қарағанда, оң нәтиже ретінде «Эйр-Астана» компаниясы ұшақтарының Голландияға ұшатындығын атап өте аламын. 

- Сіздің еліңізде Қазақстандағы бизнес ахуалды қалай бағалайды?

- Бұған дейін де атап өткенімдей, біздің елдеріміздің арасында өте жақсы қарым-қатынас орнатылған. Қазақстан мен Голландия арасында қол қойылған Инвестицияны өзара қорғау туралы, Салық салу туралы келісімдердің арқасында голландтық бизнес үшін мүмкіндіктер еселене түсті. Қазақстандағы бизнес ахуалды айта отырып, мыналарға баса назар аудару керек:  басқа елдің бизнесмені сол жердегі заң мен қағиданың жұмысты қиындату үшін емес, керісінше жеңілдетуге бағытталғанын сезінуі өте маңызды. Мен қазақстандық тараптың заңнамаға бизнес жұмысын жеңілдететін прогрессивті ереже қосудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып жатқандығын білемін. Дегенмен, толықтай алғанда қандай да бір прогрессивті реттеуші норманың ұлттық заңнамада имплементацияланғаннан кейін керісінше жұмысты қиындатып жіберетін жағдайлар да кездеседі. Мәселен, Қазақстанда шетелдік компания қызметкерлерінің 70 пайыздан кем емесі қазақстандық азаматтар қатарынан болуы керектігін талап ететін ереже бекітілген. Дегенмен, бұл қиындықтар тудыруы мүмкін, өйткені, мәселен Қазақстанның батысындағы көптеген кәсіпорындарда республикада табыла бермейтін білікті мамандардың басым санына қажеттілік бар. Осылайша, компания жергілікті қызметкерлердің 70 пайызы туралы заңнама талаптарын орындай алмайды. Бұл одан ары Қазақстанның батыс өңіріндегі шетелдік компаниялар үшін бизнес ахуалды нашарлатып жіберуі мүмкін. Сондықтан да жаңа ережеге көшуді жоспарлаудың дұрыс болғандығы өте маңызды. Әйтпесе сіздің елдеріңіздегі шетелдік кәсіпорындардың жағдайы нашарлауы мүмкін. Қазақстанда сәйкес келетін нарығы, мамандары болуы тиіс. Қазақстанда осындай біліктілік деңгейдегі мамандар болмаған кезде заңнама жұмсағырақ болуы қажет. Мәселен, Қашаған кен орнына мыңдаған жұмысшы жалданады. Біз қазақстандық тараптың жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еткісі келетіндігін түсінеміз, бірақ жұмсақтық таныту керек.

- Голландияда Қазақстанды даму перспективасы жақсы тұрақты ел ретінде, яғни ынтымақтастық үшін жақсы әріптес ретінде санай ма?  Қазіргі уақыттағы біздің елдегі саяси жағдайға қандай баға бересіз?

- Голландия Қазақстандағы инвестиция көлемі жағынан үшінші, ал сіздердің елдеріңіздегі еуропа елдерінің арасында бірінші инвестор екені бәріне белгілі. Менің пайымымша, бұл Нидерландының Қазақстанмен ынтымақтастық перспективасын қалай бағалайтындығын жақсы көрсетеді. Мен бұған дейін де біздің ынтымақтастығымызды одар ары қалай нығайта алатындығымызды айттым. Қазақстан үшін экономиканың одан ары әртараптануы өте маңызды екендігін баса айтқым келеді. Сондықтан да Қазақстан мен Голландия әріптестік қарым-қатынасты одан ары дамытуы әрі нығайтуы қажет.

Саяси ахуалға қатысты айтар болсам, онда, қазіргі уақытта сіздің еліңіз қоғамдық және саяси дамудың өте маңызды кезеңінде тұр. Таяуда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтілді, осы орайда барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді. Дегенмен, мен әрқашанда да Қазақстанға әлі 21 жас толмағандығын айтамын, яғни голландық өлшем бойынша кәмелеттік жасқа толған жоқ. Адам кәмелеттік жасқа толғаннан кейін шынайы проблемалармен бетпе-бет келеді. Мен Қазақстанның дұрыс жолда келе жатқандығына және осы проблемалардың барлығының шешілетіндігіне сенімдімін. Сіздің еліңізде одан ары қарқынды даму үшін барлық мүмкіндіктер бар. Қазір Қазақстан үшін ғана емес , бүкіл әлем үшін де қиын-қыстау кезең. Түрлі өңірлерде әртүрлі проблемалар туындайды. Таяуда араб әлемі зор күйзелісті бастан өткерді, Қытай мен Еуропа өздерінің проблемаларымен қамығуда. Ресейде де проблема бар. Ауғанстанда да тұрақсыздық.

Қазіргі уақытта Қазақстан басшылығының жағдайды дұрыс бағалап, таңдаған даму жолынан таймауы және барлық проблемаларды, оның ішінде Жаңаөзен проблемасын да шешуі өте маңызды.

Сіздің еліңізде өткен сайлау  көппартиялы Парламенттің құрылуына мүмкіндік берді және бұл қоғамды одан ары демократияландыру жолында шынайы қадам жасалғандығын білдіреді. Мен Қазақстан халқына және біздің ынтымақтастығымыздың кеңейіп, тереңдей түсуіне сәттілік тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!  

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат