Кері

Жаңа заң сот билігінің мәртебесін көтеріп, халықтың сот төрелігіне сенімін арттыратын болады

20.01.2012 16:37

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдегі кез келген құқықтық, демократиялық мемлекет үшін сот тәуелсіздігін қамтамасыз етудің мәні мен маңызы орасан. Өйткені сот билігі - демократияның негізі. Әрі билік айтатын қазылардың тәуелсіздігі үкім шығарылатын істегі сот төрелігін заң шеңберінен аспайтындай бейтарап жүзеге асыру үшін аса қажет.

Сондықтан да өзінің даңғылын демократиялық бағыттан таңдаған кез келген мемлекет сот тәуелсіздігін құрметтеп қана қоймай, оны  сақтауға әрі қорғауға тиіс. Қазақстандағы соттардың тәуелсіздігі де ең алдымен Ата заңда айшықталған болатын.

Бұнымен қоса, тәуелсіздіктен бергі кезеңде Қазақстанда әлемдік өркениет талаптарына сай келетін сот жүйесі толық қалыптасып, бұның өзі судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болғаны да рас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Судьялар одағының 5 съезінде тәуелсіз Қазақстанның бірден-бір жетістігі ретінде соттар мен судьялар тәуелсіздігіне заң жүзінде ғана емес, нақты түрде қол жеткізілуін атап өткен еді. Дегенмен, демократиялық мемлекеттің құқықтық институтының негізін құрайтын сот билігіндегі мәселелерді заңнамалық тұрғыдан жетілдіріп отырудың маңызы зор екендігі даусыз. Осыған орай былтырдан бері Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты білек сыбана бастама жасап, сот билігінің мәртебесін көтеру және халықтың сот төрелігіне сенімін арттыруға бағытталған шараларды қолға алған болатын. Ал осы аптада Парламент Сенаты сот билігін жетілдіре түсетін бірқатар заңдарды қабылдады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңын, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Заңын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдады.

 Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаровтың айтуынша, қабылданған үш заңның негізгі діттейтіні  бүгінгі заман талабына сай келетін сот билігін құруға құқықтық жағдай қалыптастыру болып табылады. Ал құжатты әзірлеу барысында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сот арқылы қорғалуын барынша толық қамтамасыз ету бағыты ұсталған. Осыған орай қабылданған жаңа заңның нормалары арқылы сот билігінде бірқатар нақты ұсыныстарды іске асыру көзделеді. Атап айтқанда, заңдық реформаларға сәйкес, облыстық соттарда бір аппеляциялық сот алқасының орнына енді екі аппелляциялық сот алқасын құру ұсынылады. Оның бірі азаматтық және әкімшілік істер бойынша алқа болса, екіншісі қылмыстық істер бойынша алқа болып табылады. Бұдан бөлек, облыстық соттың төрағасына кассациялық сот алқасын басқару жөніндегі өкілеттіктер беру қамтылып отыр. Судьялардың тәртіптік-біліктілік алқалары, олардың өкілеттіктері Сот қазыларына беріле отырып, Қазақстанның Жоғарғы Сот Кеңесінің кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру мәселелеріндегі рөлі күшейтіледі.

«Мемлекет басшысы өткен жылы Парламенттің сессиясын ашқанда осы мәселелерге баса көңіл бөліп, жергілікті соттардың рөлін арттыратын, Жоғарғы Соттың қадағалау функцияларын ұлғайтатын, қадағалау сот процесін қарапайымдандыру мен әділ сот тәжірибесіндегі негізсіз әуре-сарсаңдарды жоюды көздейтін сот жүйесін нығайту жөніндегі бірқатар заң жобаларын қарастыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. Заңға қатысты нақ осы талаптар ескерілгенін, сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді реттейтін мәселелер ерекше нысанаға алынғанын айтуға болады», - дейді Жоғарғы Сот төрағасы.

 Заңнама жүзіндегі жаңалықтардың негізгі бір парасы соттардың қызметін кадрлық, қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіруге бағытталып, осы бойынша елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соған сәйкес, мамандар алдағы уақытта судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот басшылығы тарапынан еш қысымға ұшырамай жұмыс істей алатынын алға тартады. Бұл ретте сот жүйесіндегі жаңа заң судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, оларды сот төрағаларының тарапынан болатын «ұсақ-түйекке» араласушылықтардан құтқарады.  Бұл ретте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас  Бекназаров: «Жоғарғы Сот кеңесі кадрлардың кәсіби даярлығын тексеруді, судьялыққа кандидаттардың адамгершілік бейнесінің жарасымдылығын әрі атқаратын қызметіне лайық болуды қадағалауды өз мойнына алуы тиіс. Ал судьялық өзін-өзі басқару органы, сот қазысы судьялардың тәртіптік жауапкершілік мәселелерімен айналысатын болады», - деп атап өткен еді. Төрағаның айтуынша, заң судьялардың өкілдіктерін анағұрлым кеңейтуге арналады. Бұл судьялардың тәуелсіздігін барынша нығайта түсетіні де анық. «Міне, осылайша судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот басшылығы тарапынан еш қысымға ұшырамай жұмыс істейтін болады. Қабылданған заң осыған нақты мүмкіндік береді деген сенімдеміз», - дейді Б. Бекназаров. Оның айтуынша, облыстық сот төрағаларына кассациялық сот алқасын басқаруды жүктеу облыстағы сот тәжірибесінің дұрыс қалыптасуына тікелей міндеттеп, кассацияда қаралған әрбір заңсыз сот актісіне оның жауапкершілігін арттырады.

«Жалпы заңды әзірлегенде қолданыстағы заңнаманың артықшылықтарын сақтап, кемшіліктерін толықтыруға баса назар аударылды. Мәселен, кассациялық және қадағалау сатыларында істерді алқалы түрде  қарау сол қалпында сақталды. Істерді кассациялық қарауға кемінде үш судья қатыстырылса, жоғары сатыда қарау кезінде 8 судьяға дейін қатыстыру көзделеді», - дейді төраға. Оның сөзіне қарағанда, заңнаманың жаңа редакциясы арқылы тараптардың сот актілерін аппеляциялық және қадағалау сатыларында шағымдануға мүмкіндігі мен мүдделілігін қамтамасыз ететін нормалар да ескерілген. Бұл ретте процеске қатысушылар сот ісін жүргізудің осы маңызды сатыларынан тыс қала алмайды. «Тіпті тыс қалудың өзі олар үшін енді тиімді болмайтыны белгілі. Өйткені, аппеляциялық сот барлық дәлелдемелерді бәсекелестік процесінде тікелей қайтадан зерттеп, тексереді. Осы сатыда тараптарға өз мүдделерін қорғап, қосымша дәлелдер келтіруіне мүмкіндік беріледі. Бұл жағдай сот істерінің қайта-қайта қаралуына жолдануын тоқтатып, әрбір істің бірінші сатыдағы сотта бір-ақ рет қаралуына әкелетін төте жолы болып табылады. Яғни, мыңдаған тараптарды сот шеңберіндегі қайта-қайта айналмаға салу секілді әуре-сарсаңынан арылтады», - дейді төраға Бектас Бекназаров. 

Қабылданған заңның жаңа нормаларына сәйкес, назар аударарлық тағы бір мәселе: кассациялық сот алға келтірілген барлық кассациялық шағымдар мен наразылық шағымдарды міндетті түрде қарап, оған дейін қабылданған сот актілерінің материалдық және іс жүргізу нормаларына сәйкестігін тексеретін болады.  Расында Жоғарғы сот мамандары соңғы жылдары қалыптасқан сот тәжірибесіне сүйене отырып, жоғарыда айтылған мәселелерді ретке келтірудің қажеттігін бірнеше дүркін көтеріп келген болатын. Бұны Жоғарғы Сот Төрағасы да нақты дәлелдермен көрсетеді. «Мәселен, 2010 жылы  азаматтық істердің 55,5 пайызы, қылмыстық істердің 45 пайызы облыстық соттар деңгейінде қаралмай, тікелей Жоғарғы Сотқа түсті. 2011 жылы да осы жағдай аса өзгерген жоқ. Анығын айтқанда, аудандық және соған теңестірілген соттардың кемшіліктерге жол беруі салдарынан өтініштер тікелей Жоғарғы сотқа өте көп түсуде», - дейді ол. Бұл ретте төраға Бектас Бекназаров бірінші сатыдағы соттарда аталмыш кемшіліктердің болып отыратынын да жоққа шығармайды. «Аппеляция мен кассация дұрыс жұмыс істеген жағдайда материалдық және іс жүргізу заңының осындай кемшіліктерін көптеген тараптарды әуре-сарсаңға салмай жергілікті соттарда дер кезінде түзетуге әбден болады. Әдетте қоғамдық пікір туғызған ең күрделі істер ғана Жоғарғы Сот сатыларында қаралуы тиіс секілді еді. Бұл бүкіл әлемде қалыптасып отырған жағдай. Ал біздің Жоғарғы Сот болса бұл күндері келіп түскен барлық санаттағы істерді қарауға мәжбүр. Осындай ретсіздіктің салдарынан Жоғарғы Соттың өзі істерді қарайтын кезекті сатыға айналып кетті. Ал оның бірден бір міндеті сот тәжірибесін қорытып, нормативтік қаулылар арқылы заңның дұрыс қолданылуына түсінік беру болып табылатын еді», - дейді Жоғарғы Сот төрағасы.

 Заң жобаларында техникалық құралдар, сот отырыстарында дыбыс және бейнежазуды іс жүргізу тұрғысынан реттеу туралы тың ұсыныстар да баршылық. Бұның өзі іс жүргізу нормаларын сақтауды қамтамасыз етіп, процеске қатысушылардың өз құқықтарын дұрыс пайдалануға ықпал ететіні де айқын. Құжатта сот рәсімдерін жұртшылықтың көз алдында ашық жүргізу, сондай ақ құқықтық және техникалық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану шаралары сот қателіктерін азайтуға кеңінен ықпал ететін болады.

Сот төрелігіне жұртшылықтың сенімділігін арттырумен қатар, алдағы уақытта әрбір судьяға қойылатын талаптар да барынша күшейтіледі. Қазірдің өзінде жұмыс жүктемесі жоғары өңірлерге судьялардың санын көбейту, ал керісінше жұмыс жүктемесі төмен жерлерде судьялардың санын азайту тетігі қолданылып отыр. «Әрине, бүгінде Қазақстан бойынша әрбір 100 мың халыққа шаққанда судьялардың саны көптеген мемлекеттерге қарағанда төмен. Сонымен қатар 2010 жылы мемлекеттік қызметкерлердің санын оңтайландыру бағытында республика бойынша судьялардың саны 378 бірлікке қысқарды. Соған қарамастан, қазіргі сот корпусы 2011 жылғы жұмыс көрсеткіштері бойынша, яғни негізгі параметрлер аясында жұмыстың дәрежесін сол деңгейде ұстап отырды. Біз қазір бұл мәселе бойынша әрбір судьяға қойылатын тәртіпті, сондай-ақ сот төрағаларына қойылатын талаптарды барынша күшейтіп, қазіргі жүктеме тұрғысында жұмыстарды атқаруды жүктеп отырмыз», - дейді Бектас Бекназаров

«Бүгінде мемлекеттің тарапынан олар өз жұмысын таза әрі сапалы істеуге барлық қадамдар жасалды. Жалпы айтқанда, Қазақстандағы сот жүйесі әлемдік стандарттарға барлық параметрлермен сәйкес келді. Біз сот жүйесін реформалауда көптеген мемлекеттерден алдыңғы қатарлы орындарда келе жатырмыз», - деп түйіндеді төраға.

Жалпы елдегі сот төрелігі мен сот жүйесін жетілдіру демократиялық жетістіктің бірі ретінде саналатыны айқын. Соттардың халықаралық қауымдастығының жалпыға бірдей жарғысында судьялар әр адамның әділ сот талқылауына түсу құқығын қамтамасыз етуге тиіс делінген. Соған орай әрбір судья істі бейтарап және тәуелсіз соттың белгілеген мерзімі ішінде әділдік пен жариялылық қағидатын сақтап жүргізуде, адамға тағылған айыпты қарау кезінде бар құқықты беруде және теңдікті сақтауда тек заңға ғана мойынсынуы тиіс. Бүгінгі күні бұл бағыттағы заңнамалық тетік, сондай ақ соттарға деген жұртшылықтың сенімін қалыптастыру шаралары толықтай қалыптасып келеді деуге болады. Кешегі күні қабылданған заң жобаларының топтамасы да соны аңғартса керек.

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат