Кері

Үш партия өкілдерінен тұратын бесінші Парламентті алда іргелі міндеттер күтіп тұр

20.01.2012 18:35

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымының бірінші сессиясы өз жұмысын бастады.  Тәуелсіздіктен бері қарай, екі Жоғарғы Кеңесті қоспағанда 2012 жылы сайланған Парламент бесінші шақырылымға жатады.

Бұған дейінгі парламентаризм тарихына көз салсақ, алғаш рет заң шығарушы кәсі­би органға сайлау 1995 жылы 9 жел­тоқ­санда өтіп, 67 депутат тұңғыш рет Парламент депутаты атанды. Екінші Мәжіліс 1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес алғаш рет Орталық Азия өңірінде аралас схема бойынша сайланып, онда саяси партияларға тең өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша мүмкіндік қамтылған болатын. Осындай жаңалықтың нәтижесінде сол жылғы сайлау парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру процесін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. Сондағы сайлауға 10 саяси партия қатысып, 7 пайыздық межені еңсерген «Отан», Азаматтық, Аграр­лық және Коммунистік партияның өкілдері Мәжіліске енді. Үшінші Парламентті сайлау 2004 жылғы қыркүйекте өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысса, олардың 4-еуі екі сайлауалды блогтың құрамында болды. Сол кездегі Мәжілістің 77 депутатының 59-ын саяси партиялар ұсынды. Төртінші сай­ланған Парламенттің жаңа құрамы Кон­с­титуцияға 2007 жыл­ғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қалыптасты. Жаң­ар­тылған Конститу­цияға сәйкес, Мәжі­ліс 107 депутаттан құралатын болып, 98 де­путат партиялық тізімдер бо­йынша сай­ланды.

Сонымен бесінші Парламенттің жұмысы көппартиялық сипатпен ерекшеленеді. Былтырғы Мәжіліске қарағанда оның құрамы 65 пайыздан астамға дейін жаңарған. Конституцияның 59-бабына сәйкес бесінші шақырылымдағы Парламент сессиясын ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген болатын. Көппартиялы Парламенттің жұмысы басталатын аса жауапты сессияны аша отырып, Елбасы бүгінгі күннің маңызына тоқталып өткен болатын. «Бүгін - айрықша маңызды күн. Еліміздегі жоғары заң шығарушы орган жаңаша жасақталды. Таяудағы Мәжіліс сайлауы тәуелсіздік тарихындағы бетбұрысты белес болды. Жарқын келешекке жауапты қадам жасап, біз демократиялық дамудың даңғылына шықтық. Осылайша, жаңа кезеңге жаңарған Парламентпен бірге қадам бастық», - деген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ел сеніміне ие болған депутаттарды құттықтады.

Президенттің айтуынша, тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын Қазақстан  саяси жаңғырумен бастады. Бұл бәсекелестік жағдайында байыпты шешімдердің қабылдануына жол ашады. «Таяудағы оқиғалар қоғамымызды біріктіре түсті. Еліміз тәуелсіздік жолында татулық пен тұрақтылықты, тыныштық пен түсіністікті таңдады. Бұл - өрлеу мен өркендеу үшін дауыс берген отандастарымыздың ортақ олжасы мен жасампаз жеңісі болып саналады. Ассамблея және үш партия өкілдерінен тұратын Парламентті алда іргелі міндеттер күтіп тұр. Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты сөз барын баршаңыз білесіздер. Ел мүддесі мен мемлекет мұраты партиялар бағдарынан биік тұрады. Мәжіліске енген партия өкілдері ортақ мүдде төңірегінде топтасып, бірлесе қызмет атқарады деп сенемін», - деді Елбасы.

Бұдан басқа, Елбасы Қазақстанның өткен 20 жылдығындағы жетістіктерге де тоқталып өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жасампаз 20 жылда еліміз дәулетіне сәулеті сай әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанын, осы кезеңде әлеуметтік даму да, саяси жаңғыру да табысты болғанын атап өтті. Қазақстанның дүниедегі дағдарыс тұсында инновация мен индустрияландыру жолына түскенін, түптеп келгенде бұның барлығы халқымыздың берекелі бірлігі мен тату тірлігі арқылы жүзеге асып отырғанын жеткізді. «Ендігі мақсат - дамудың даңғылынан жаңылмай, алдағы асқар асулардан да абыроймен өту. Осы орайда бізге ең керегі - қоғамның тұрақтылығы мен ұлыстың ынтымағы. Бұл істе жаңа сайланған халық қалаулылары елеулі үлес қосады деп сенім артамын», - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.  

Сөз арасында Президент жаңғырған Парламенттің әлеуетіне, мүмкіндігіне де кеңінен тоқталды. Мәселен Елбасының айтуынша, 65 пайызға жаңарған Мәжілісте Қазақстан халқының түрлі әлеуметтік, гендерлік және кәсіби құрамы ынтымақтаса жұмыс істейтін  болады. Партиялар арқылы заң шығарушы билікте Қазақстанның барлық өңірлерінен өкілдер келген, әлеуметтік жік түгел қамтылып, еліміздің көпұлттылығы да ескерілген. Әйелдер мен жастардың қатысуы да артыпты. Осының өзі елімізде демократиялық процестің кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетсе керек. «Түптеп келгенде, бұның барлығы елдегі барлық саяси партиялардың жауапкершілік деңгейін айтарлықтай арттырады. Сондай-ақ, Конституцияға сәйкес Мәжілістің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Бұл да елдің жоғары заң шығарушы органына түрлі этнос өкілдерінің өз депутаттарын сайлауға мүмкіндік беретін Қазақстанның демократиялық инновациясы», - деді Елбасы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан азаматтардың өмір сапасын жоғарылату бойынша  өзінің стратегиялық мақсаттары мен даму міндеттерін көптеген жылдар бойынша алға оза отырып, жаңа дәуірге қадам басып отыр. Соның арқасында көптеген көрсеткіштерде ілгерілеушілік байқалады. Мысалы, қазіргі таңда жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 11 мың доллардан асады. Ал халықаралық жиынтық резерв 85 млрд. доллардан асты. Үш жыл ішінде зейнетақы мен жалақы екі есеге артып, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелері жедел жаңғырып келеді. «Экономикалық көрсеткіштер өсімімен қатар, қоғамның мәдени, біліми деңгейін арттыруға көңіл бөлуге тиіспіз. Жаңа қазақстандық интеллектуалдық ұлт қалыптастыруымыз керек. Бұны біз алдағы уақытта этникалық және конфессиялық келісімді нығайта отырып жүргізетін  боламыз»,- деді Елбасы. Жаңа сайланған Парламенттің тағы бір міндеті - парламентаралық байланысты нығайту. Бұл ретте заң шығарушы органның ықпалдастығы ең алдымен ТМД елдері және Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттермен нығайтылуы тиіс.

Сөз соңында Президент Қазақстан алдында жаһандық әлем мен жаһандық экономиканың мәжбүрінен туындайтын жаңа, орасан әрі күрделі міндеттер күтіп тұрғанын айтып, осыған баса мән беруге үндеді. «Бүгінгі әлем салмақты жүйелік трансформацияны бастан өткеріп отырғандықтан, бұларды жүзеге асыру оңай болмасы анық. Дүние экономикасының тұрақсыздығы, дағдарыстың жаңа қауіптерінің туындауы, біздің экспортымызға бағаның төмендеуі Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан да, алдағы жылдары әлеуметтік мәселелерге аса сақтықпен қарап, бірте-бірте алға жылжуымыз керек», - дейді Президент. Бұл ретте Елбасы  инфляция деңгейіне зейнетақы мен табыстарды индексациялау мәселесі жүзеге асуы тиістігін айтып, зейнетақы мен жалақыны 20-30 пайызға көтеру мәселесінде ең  алдымен әлемнің қалайша өзгеретінін бақылау керектігін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы  жинақтаған қаражаттың қазіргі жалақы мен зейнетақыны төлеуге жұмсалуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Ал егер экономика бүгінгідей қарқынмен өсіп, әлемдік конъюнктура жағымды қалыптасса, онда қаражат негізінен халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға жұмсалатын болады. Дегенмен, кедергілерге қарамастан Қазақстан өз таңдаған бағытты, азаматтардың жақсы өмір сүруі үшін жаңғырту жолын жалғастыратын болады.  

«21 ғасырда тек қуатты мемлекет қана табысты дами алады. Сол үшін алдағы 5 жылда Қазақстанның жаңарған Парламенті қуатты саяси күшке айналып, өзіне елдің болашағы, қоғам тұрақтылығы және оның жан-жақты жаңғыруы үшін жауапкершілікті алатынына сенімдімін. Қазақстанды бұдан да қуатты, тұрақты, мығым мемлекет ету сіздердің қолдарыңызда. Біз бәріміз бірге осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Дана халқымыз «Кеңескен істе кемдік болмайды» деген. Мемлекет мүддесі бізден айрықша ерік-жігер мен асқан ұйымшылдықты талап етіп отыр. Біздің алдымызда жаңа мақсаттар, межелі міндеттер мен іргелі істер бар. Ендеше берекелі бірлігіміз берік, мемлекетіміз мерейлі, еліміз еңселі болсын, ағайын!», - деді сессияны ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, бүгін бесінші шақырылымдағы Мәжілістің бірінші сессиясының алғашқы отырысы өтіп, онда палата төрағасы сайланды.

ҚР Конституциясының 58-бабы, 1 тармағына сәйкес ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттарының  жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Осыған орай Мәжіліс депутаттары Н. Нығматулиннің кандидатурасын ұсынып, дауыс беру барысында палатаның 106  депутаты кандидатураны қолдап дауыс берді. Төраға орынбасарлары болып депутат Сергей Дьяченко мен Бақтықожа Ізмұхамбетов сайланды.  Мәжіліс комитеттерінің төрағаларына келетін болсақ : Ромин Мадинов - Аграрлық мәселелер комитетін, Дариға Назарбаева - Әлеуметтік мәдени-даму комитетін, Рахмет Мұқашев - Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетін,  Гүлжан Қарағұсова - Қаржы және бюджет комитетін, Мәулен Әшімбаев - Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін, Александр Милютин - Экологиялық мәселелер және табиғатты  қорғау комитетін, Сейітсұлтан Айымбетов - Экологиялық реформалар және өңірлік даму комитетін басқаратын болды.

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат