Кері

Орал қаласында тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасады

21.01.2012 15:19

ОРАЛ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі бағдарлама бойынша 1052 тұрғын үй нысанын  жаңғырту жоспарланып отыр.

«ТҮКШ жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры Дмитрий Солодовниковтің айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша биыл қаладағы 5 тұрғын үйге  толық кешенді жөндеу (бірінші тетік бойынша) және 18 тұрғын үйге бөлшектеп жөндеу жұмысы (екінші тетік бойынша) жүргізілуі тиіс болатын. Алғашқы кезде пәтер иелері бұл іске күдікпен қарады. Бірақ, олар жаңа бағдарламаның маңызын жете түсінгеннен кейін жөндеу жұмысына өздері қызығушылық таныта бастады. Бүгінде екінші тетік бойынша жоспардағы 18 үйдің орнына 23 үй жөнделуде. Жаңғырту жұмыстары ережеге сай, тұрғындардың жалпы жиналысы хаттамасының негізінде және мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс қорытындысы бойынша жүзеге асырылуда.

Жоспар бойынша барлығы 23 үй жаңғыртылуы тиіс болса, қосымша өтініш берушілердің тілегін қанағаттандыру нәтижесінде биыл 28 үй жөнделіп, тапсырылмақ. Қазірдің өзінде 20 үйге тиісті жөндеу жұмысы жүргізіліп болды, қалғанын қаңтар айының соңына дейін жөндеп болуы керек. Жаңғыртылып жатқан үйлердің жобалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамадан өткені жөніндегі анықтамалары бар.

Бұдан соң алдағы жазда атқарылатын жұмысқа әзірлік басталмақшы. Яғни, құзырлы органдар жаңғырту жұмысының жаңа жобасын жасауға кіріседі. Бұл жұмыс пәтер иелерінің өтінішіне, тапсырысына қарай жасалады. Негізінен биыл жаңғырту жұмысына тапсырыс берушілер саны былтырғыдан әжептәуір көп болады деп жоспарлануда. Себебі, «ТҮКШ жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалына  телефон шалып, алдағы жазға қамданыс жасап жатқандар қазірдің өзінде көп-ақ. 2012 жылы жаңғырту жұмысын жүргізетін үйлердің нақты саны әзірге белгісіз. Дегенмен, биыл өңірде жүз шақты үй жаңартылады деп көзделіп отыр.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат