Кері

Қазақстан тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртуда Еуропаның деңгейіне жете алады

24.01.2012 17:19

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жалғасуда. 2011 жылы басталған осы бағдарлама аясында республика бойынша осы уақытқа дейін 600-ге жуық тұрғын-үй жөнделді.

Сәтін салса, 2015 жылға дейін еліміздің біраз құрылыс нысандары күрделі жөндеуден өтеді. Ал 2020 жылда біз энергия үнемдеу жағынан Еуропаның деңгейіне де жетуіміз әбден мүмкін.

Біз, ең алдымен, бағдарламаға қысқаша шолу жасап көргенді жөн көрдік. Ел Үкіметі 2011-2015 жылдары еліміздегі инженерлік желілердің, яғни, газ, жылу және электр жүйелерінің 31 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Оған кететін шығын тариф пен ел бюджеті есебінен өтеледі екен. Көппәтерлі тұрғын-үйлердің жаңғырту жұмысы екі бағыт бойынша жүргізіледі. Бірінші бағытқа сәйкес, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге, қаржы бөлінгеннен кейін, арнайы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылып, пәтер иеленушілер кооперативі мен жұмысты атқаратын бас мердігермен келісімшарт рәсімделеді. Оған сәйкес, барлық құрылыс жұмыстарының 85 пайызын корпорациялар төлесе, қалған 15 пайызы пәтер иеленушілердің қаражатына атқарылады. Осыдан кейін белгіленген мерзімнің ішінде үй тұрғындары арнайы жинақ есеп-шотына ақша салып, күрделі жөндеудің барлық шығындарын  өтейді. Екінші бағыт бойынша ел бюджетінен облыстық әкімдікке 7 жылға 0,1 пайыздық мөлшерлемесі бар несие беріледі. Облыс әкімдігі оны қалалық әкімдікке аударады. Содан соң жөндеу жұмыстарын атқаратын мемлекеттік ұйым құрылады. Ол өз кезегінде жеке меншік компанияларды тартып, әкімдіктің берген несиесін қайтарады. Мұнда да пәтер иеленуші азаматтар қаржының 15 пайызын төлеп, артынан барлық соманы төлейді. Ал әлеуметтік жағынан аз қорғалғандарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған.  

Ресми мәліметке сенсек, 2011 жылы аталған екі бағыт бойынша елімізде 600-ге жуық тұрғын-үй күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде бірінші бағыт 99 үйді қамтыса, екінші бағыт бойынша 460 үй жөнделді. Бұған қарағанда, екінші бағыт тиімді болып тұр. Әрине, екі бағытта да бюджет қаражатын қайтару мәселесі туындайды. Ол үшін арнайы тетіктер, тіпті, сот арқылы қаржыны қайтару жағы да бар.   

Негізі, 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстанның тұрғын-үй коммуналдық шаруашлықты жаңғырту бағдарламасының негізгі мақсаты - еліміздегі жылу энергиясын барынша үнемдеу. Мамандардың хабарлауынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылса, жылу энергиясының 10 пайызы, ал күрделі жөндеу кезінде 30 пайызы үнемделеді. Бұл көрсеткішке жету үшін ел мамандары шетелдің тәжірибесін кеңінен зерттеп жатыр.

Осы орайда Қазақстан Германия Федеративтік Республикасының оң тәжірибесін таңдады. Бүгінде «Қазақстандағы көппәтерлі үйлердің энергия үнемдеу менеджменті» оқыту курсы» атты бірлескен жоба қолға алынды. «Шығыс Еуропадағы тұрғын-үй шаруашылығы» қауымдастығы мен екі елдің мемлекеттік органдары әзірлеген жобаның басты мақсаты - энергия үнемдеу саласындағы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, оларды қайта даярлау. Сондай-ақ осы жоба аясында арнайы оқыту курсын Қазақстандағы жоғары оқу орындарына енгізу жоспарланып отыр. Себебі бүгінде елімізде тұрғын-үй шаруашылығы саласында кәсіби мамандар тым аз. «Иә, қазіргі кезде Қазақстанда осы сала бойынша жұмыс істей алатын кәсіби мамандар аз. Сондықтан біз осы мәселені ескере отырып, еліміздің тұрғын-үй шаруашылығын жаңғырту жұмысына қажетті мамандарды тек аса маңызды бағыттар бойынша ғана дайындауды бастап отырмыз. Мәселен, бүгінде «Көппәтерлі үйлерді басқару» және «Көппәтерлі үйлерге инженерлік-техникалық қызмет көрсету» сияқты жаңа бағыттар бекітілген. Сондай-ақ үйлердің энергия үнемділігін реттеу бойынша арнайы менеджерлерді де оқыту жоспарланып отыр», - дейді  «Тұран-Профи» халықаралық кәсіптік академиясының ректоры Манен Омаров.

Жобаға қатысушы неміс мамандары болса, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кешенін жаңғыртудың жаңа үлгісін ұсынып отыр. «Германияда тұрғын-үй шаруашылықты жаңғырту үшін біз арнайы қауымдастық құрып, оның аясында осы саланың іргелі кәсіпорындары, қаржы институттары, білім беру орталықтары, былайша айтқанда, бұл жұмысқа қатысушы барлық тараптардың басын қостық. Бұл әріптестермен бірлесе отырып, біз Еуропаның шығыс аймақтарында тұрғын-үй шаруашылығын жаңғырту саласында бірлескен жобаларды іске асырып келеміз», - дейді Германияның «Шығыс Еуропадағы тұрғын-үй шаруашылығы» қауымдастығының директоры Кнут Хеллер.  

Бүгінде қауымдастық өкілдері Астанадағы бірқатар құрылыс нысандарын зерттеп шыққан көрінеді. Демек, олар елордада жұмыс істеуге ниетті. Бір өкініштісі, өз қызметінде қауымдастыққа мүше компаниялар тек немістің құрылыс материалдарын ғана қолданып жатқан сыңайлы. Сондықтан бұл тәжірибе отандық өнімге деген сұранысты төмендетуі әбден мүмкін.

Жалпы, бүгінде Қазақстандағы тұрғын үйлердің 50 млн. шаршы метрін немесе барлық нысандардың 32 пайызын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Еуропада бұл көрсеткіш 10 пайызды құрап отыр. «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Бөксікбаевтың мәлімдеуінше, 2020 жылға қарай еліміздегі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кешенін жаңғыртудың арқасында Қазақстан Еуропаның деңгейіне де жетеді.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат