Кері

Жапония «Ядросыз әлем үшін» бастамасын жүзеге асырудағы әлемдік диалогтағы көшбасшы ретіндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалайды - Жапония СІМ басшысы Коитиро Гэмба

26.01.2012 11:54

БЕЙЖІҢ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Соңғы жылдары Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас, әсіресе экономика саласында қарқынды дамып келе жатыр. Орталық Азия елдері арасында біздің еліміз үшін бүгінгі таңда Қазақстан сауда-саттық көлемі бойынша да, жапон инвестициясының сомасы бойынша да бірінші орынды иеленеді.

- Министр мырза, Сіз қазақстандық-жапондық қарым-қатынастың жағдайы мен болашағын қалай бағалайсыз?

- 1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Жапония дипломатиялық қарым-қатынас орнатты және 2012 жылдың 26 қаңтарында осы маңызды оқиғаға 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде екіжақты қарым-қатынас саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салаларда зор жетістіктермен тереңдей түскендігін зор қуанышпен атап өткім келеді.

Жапония Үкіметі мен жапон бизнесмендері Қазақстанның әлеуетіне, оның ішінде бай энергетикалық және басқа да табиғи ресурстарына үлкен қызығушылық танытады. Табиғи ресурстарды, оның ішінде сирек кездесетін металдарды зерттеу және логистикалық жүйелерді жолға қою бойынша да бірлескен жобалар қолға алынуда.  

Сонымен қатар Қазақстан ресурстар мен энергияға тәуелділікті төмендету үшін шет елдерден жаңа технологиялар енгізу жолы арқылы елдің экономикасын әртараптандыруға ұмтылады. Энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары технологияларға ие біздің еліміздің Қазақстан үшін тартымды әріптес болып табылатындығына сенімдімін.  Мәселен, өткен жылдың қазанында Астанада экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жапония мен Қазақстанның үкіметтік және жеке секторларының бірлескен комиссиясының үшінші отырысы өтті, оған екі елдің шамамен 200 делегаты қатысып, жоғары технология және инновация саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіншіліктері туралы белсенді пікір алмасты. Бізде Қазақстанның мемлекеттік маңызы зор жобаларына Жаонияның қатысуы үшін зор перспектива бар екендігіне сенімдімін. 

Жапония үкіметі заңнама нормаларын үйлестіру арқылы әріптестікке экономикалық топтардың ұмтылысын одан әрі қолдауға ниетті. Табыс салығына қатысты екі жақты табыс салығын салудан бас тарту және салық салудан жалтарудың алдын алу туралы конвенциядан кейін іле-шала өткен жылдың мамырында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Жапония мен Қазақстан Республикасы Үкіметтері арасындағы келісім күшіне енді. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы ырықтандыру туралы келісім келіссөздер деңгейінде тұр және де біз таяу аралықта оны жасасамыз деп үміттенеміз.  

- 2004 жылы Сіздің еліңіздің Үкіметі «Жапония+Орталық Азия» диалогына бастамашы болды. Ағымдағы жылы Токиода диалог аясында сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі өтеді. Сіз алдағы келіссөздер барысында қандай мәселелерді көтергіңіз келеді?

- Біздің еліміз Орталық Азияның барлық елдерінің ортақ міндеттерін бірлесіп шешу жолымен өңіраралық ынтымақтастықты жылжыту ашық әрі тұрақты өңір ретіндегі Орталық Азияның гүлденуі үшін маңызды деп біледі. «Орталық Азия-Жапония» диалогының басты мақсаты Орталық Азия елдерінің өңіраралық ынтымақтастығын алға жылжыту болып табылады. Бұл ретте Жапония катализатор ретінде қатысып, аталған бағыттарда осы елдердің күш-жігерлеріне қолдау көрсетеді. Бұл ұстаным осы диалог форматында Астанада өткен сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуінен бері өзгеріссіз қалып отыр.

Күзде Токиода «Орталық Азия+Жапония» диалогы аясында сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуін өткізу жоспарлануда. Бұл Орталық Азия елдерімен арада орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығына арналған іс-шаралардың арасында өте маңызды болып табылады. Біз кездесуді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен сәтті өткізгіміз келеді.    

Осы диалог аясындағы пікірсайыс нәтижелері негізінде мен өңірдің бес елі арасындағы ынтымақтастықта ерекше маңызды болып табылатын шешімдер үшін келесі 5 нақты міндетті қойғым келеді. Атап айтқанда, олар: қоршаған орта, энергия үнемдеу, жаңартылатын энергия көздері; мыңжылдықты дамыту мақсаттары және экономикалық айырмашылықтарды қысқарту; Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ынытмақтастық; табиғи апаттарды ескерту саласындағы ықтымақтастық; сауда және инвестиция.

Қазіргі уақытта алдағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне дайындық жүргізілуде.   

- Сіз  «Ядросыз әлем үшін» бастамасын алға жылжытудағы Қазақстанның қадамын қалай бағалайсыз?

- Жапония соғыс уақытында ядролық бомбалаудан зардап шеккен әлемдегі жалғыз мемлекет ретінде Қазақстанның кеңес дәуірінен қалған Семей ядролық полигонын жабуын және Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық қаруды жоюын жоғары бағалайды. Қысқартуға жататын Қазақстан Республикасындағы ядролық қаруларды жою  саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жапондық-қазақстандық комитет құрылған 1994 жылдан бастап, Жапония аталған комитет аясында ядролық қарусыздану бойынша Қазақстанға жәрдемдесіп келеді. Аталған комитетке Жапонияның қосқан жарнасының сомасы 1 млрд. 770 млн. жапон йенінен (шамамен 3,4 млрд. теңге) асады. Сонымен қатар Жапония ядролық материалдарды қорғау және олардың өлшемдерін атом энергиясы нысандарында бақылау жүйелерін құруға жәрдемдесіп, Семей полигоны ауданында ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмектесу үшін медициналық құрал-жабдықтарды жеткізуді жүзеге асырды. Қазіргі уақытта Ядролық физика институтына және Үлбі металлургиялық зауытына ядролық материалдарды физикалық қорғауды нығайту үшін құрал-жабдықтар жеткізу жобасы жүзеге асырылуда.  

Сонымен қатар Жапония Қазақстанның өз елін тек қана денуклеаризациялап қана қоймай, «Ядросыз әлем үшін» бастамасын жүзеге асыру жолындағы әлемдік диалогтағы көшбасшы ел ретінде күш-жігер жұмсауды жалғастыруын жоғары бағалайды. Оның жарқын көрінісі өткен жылдың қазанында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына арналған халықаралық форумды өткізуі болып табылады. Аталған іс-шараға Жапония тарапынан бұрынғы сыртқы істер министрі Ё.Кавагути ханым, Қазақстанмен Парламенттік достық лигасының депутаттары мен мүшелері, Нагасаки қаласының мэрі Т.Тауэ  және ядролық қарусыздану жөніндегі мамандар қатысты. Осының барлығы Қазақстанның аталған бағыттардағы іс-қимылын жапон халқының құптайтындығына дәлел болып табылады. Жапония Үкіметі «Ядросыз әлем үшін» бастамасын жүзеге асыруда Қазақстанмен одан әрі ынтымақтасуға ниетті.

- Баршаға белгілі, Жапония  АӨІСШК байқаушы-мемлекеті. АӨІСШК-тің Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұстап тұрудағы рөлі қандай?

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы Жапонияға сапары кезінде жапон-қазақстан бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды, онда жапон тарапы АӨІСШК-тің одан әрі дамуын қолдайтыны және Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақтылықты сақтау және гүлденуін қамтамасыз ету мақсатында бірлескен күш-жігерін жұмсай отырып, Кеңеске өзінің қатысуын жандандыра түсетін ниетін мәлім етті.

Қазақстан Ауғанстандағы және әлемнің бірқатар аймақтарындағы жағдайды талқылау үшін тұғырнама ретінде  АӨІСШК-тің рөлін жандандыруды ұсынып отырғаны маған белгілі. Бұл үшін, ең алдымен, қол жеткізілген оң нәтижелерді арттыра түсу және АӨІСШК мазмұнды келіссөздер  өткізілетін және жаңа, өзекті ұсыныстар туындайтын алаң екенін көрсету маңызды. Өз тарапынан Жапония АӨІСШК-тегі пікірсайыстарды одан әрі бақылап отыруға ниетті.

- Биылғы жылы біздің елдеріміздің халықтары қазақстан-жапон дипломатиялық қатынастарының орнатылған сәтіне 20 жыл толуын атап өтуде. 20 жыл ішінде Қазақстан мен Жапония қандай нәтижелерге қол жеткізді?

- Менің бағалауымша, өткен 20 жыл ішінде біздің әріптестік қатынастарымыз жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен саяси диалогтардың арқасында орнықты дамуға ие болды. Жоғары деңгейдегі кездесулер кезінде және сыртқы істер министрлерінің кездесулерінде екіжақты қатынастар мәселелері ғана емес, сонымен қатар халықаралық қоғамдастықтың ядролық қаруларды таратпау және қысқарту, климаттың өзгеруі сияқты өзекті проблемалары, сондай-ақ әлемнің бірқатар аймақтарындағы жағдай талқыланды. ҚР сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың биылғы күзде болатын алдағы сапары кезінде мен онымен әріптестік қатынастарды одан әрі нығайту үшін әртүрлі тақырыптар бойынша пікір алыспақпын.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Жапония Сіздің елге жаңа мемлекет құрылысында дәйекті жәрдемдесуді жалғастыруда. Осы көзқарас тұрғысынан алып қарағанда, біз үшін Қазақстанның соңғы жылдардағы тамаша дамуын көру үлкен қуаныш екенін сеніммен айтуға болады. Бұдан басқа, нақ осы сіздің мемлекеттің қарқынды экономикалық өсімі жапон-қазақстан экономикалық қатынастарының қозғаушы күші болып, бұған дейін айтқанымдай, әртүрлі инвестициялық  жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бергенін атап өткім келеді.

Қазақстанның жаңа елордасы Астанаға қатысты айтар болсам, Жапония Үкіметі жапондық сәулетші Кисё Курокаваның жобасы базасында қаланы дамытудың бас жоспарын техникалық-экономикалық негіздеу жүргізуге қатысты. Бұдан басқа қаланың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі «Астана қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту» және «Астана қаласын сумен жабдықтау және кәріз құрылысы» жобалары үшін йен заемдарын ұсынды. Сөйтіп, серпінді дамып келе жатқан Астана екіжақты ынтымақтастықтың тамаша жетістіктерінің бөлігі болып табылады.  

Сондай-ақ мәдениет саласында да біздің халықтарымыз арасындағы алмасу кеңейіп келеді. Менің естуімше, қазақстандық университеттерде біраз студент жапон тілін оқып-үйреніп жүрген көрінеді. Бұдан басқа, нарықтық экономиканы қалыптастыруға көмек ауқымында құрылған «Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығы» да ынтымақтастықтың әртүрлі салаларында алмасу үшін база рөлін атқаруда

Жапония тұрғындарына Сіздің жерде орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағы да жақсы танымал. Өткен жылғы қарашада теледидардан Қазақстан жерінде жапон ғарышкері Фурукава Сатоси ойдағыдай қонғаны көрсетілгенде әрбір жапон отбасы Қазақ даласы таң шапағының тамаша көркін тамшалады және бұл көрініс Қазақстан туралы, Ұлы Жібек жолының «далалық жолы» елі туралы үлкен әсерге бөледі. Дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 20 жылдығына орай екі елде де әртүрлі шаралар өткізу жоспарлануда, ол біздің халықтарымыздың өзара түсіністігін тереңдетудің жақсы мүмкіндігі болмақ. Үкімет пен жеке компаниялар бұл жылды жарқын және есте қаларлықтай атап өту мақсатында күш-жігерін біріктіруіне тілектестік білдіремін.

- Сұхбатыңызға рахмет!  

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат