Кері

Елбасы Жолдаулары - мемлекетімізді ілгері дамытудың стратегиялық бағдары

26.01.2012 20:50

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Арнұр Аднан/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауы барша Қазақстан халқының асыға күтетін «жағымды жаңалықтардың жаршысына» айналғанына да бірталай уақыт өтті. Өйткені, бұл құжатта мемлекеттің алдағы кезеңдерде қай саладан алып қарасаңызда да келелі дамуы, стратегиялық мақсаттары, жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатының жақсаруы, ұлттың бірлігі, ұлыстың ұйысуы жан-жақты қамтылады.

Ал осы бағыттардағы бүкіл күш-жігерді жұмылдыру, мүмкіндіктерді шоғырландыру әрі үйлестіруге бағытталған келелі идеялар Мемлекет басшысының осы Жолдауларынан бастау алып жататындығы да айқын. Оған бәріміз де куәміз. Бірақ, ағымдағы жылғы Жолдаудың  жөні бөлек болатын түрі бар. Себебі, демократиялық дамудың даңғыл жолын таңдап алған Қазақ елі ағымдағы жылы Парламентін  түбегейлі өзгертіп, оны үш партиялы жоғарғы заң шығарушы органға айналдырды. Ал осы саяси түрленген жоғарғы органның алдында атқаруы тиісті келелі міндеттер бар. Өйткені алда бүкіл әлем жұртшылығының дегбірін алған дағдарыстың екінші толқыны келе жатыр. Бұған қоса соңғы кездері елімізде орын алып жатқан түрлі оқиғалардың да, нақты айтқанда лаңкестік пиғылдағы келеңсіз жайттардың орын алғаны да белгілі. Демек, Елбасының ағымдағы Жолдауында экономикалық тұрақтылық, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын көтеру мақсаттарын көзделуі де бек мүмкін.

Десек те, ол ертеңгі, нақты айтсақ, 27 қаңтардың, яғни Мемлекет басшысының дәстүрлі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдау арнау  күнінің еншісінде.

Ал әзірше, ҚР Президентінің бұған дейінгі Жолдауларына бір шолу жасасақ. Жалпы, еліне, халқына, жұртшылығына Президенттің Жолдау арнап, мемлекеттің алдағы кезеңдердегі дамуын жария ету кеңестік шекпеннен шыққан мемлекеттер тұрмақ ауызын айға білеген Америка Құрама Штаттарында да бар. Алайда, Н.Назарбаевтың таңдаған халыққа Жолдау арнау түрі ерекше екендігі ешкімге де дау тудырмас. Мәселен, жоғарыда атап өткен АҚШ сынды бірқатар мемлекеттердің басшылары өз Жолдауларын бүкіл халыққа емес, жекелеген мемлекеттік институттарға арнап жатады. Жолдауы нақты бір мемлекеттік басқару немесе атқару органдарына емес, халыққа арнағанынан-ақ Елбасының демократиялық басқарудың бірегей үлгісін таңдағанын байқауға болады.

Нақты дерек айтар болсақ, 1997 жылғы Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауында алдағы 33 жылға арналған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жолындағы елдің алдындағы жоғарғы міндеттерде мемлекет пен қоғамның қандай өтпелі кезеңдерден өтуі қажеттігі егжей-тегжейлі баяндалған болатын. Сонымен қатар Елбасы дәл осы құжатта «Қазақстан-2030» стратегиясының ерікті қалыптастырылған емес, нақты өмірдің өзі ұсынып отырған бағдарлама екендігін паш еткен-ді. «Біз өзіміздің балаларымыз бен немерелерімізді олар біздің жасымызға жеткен сонау болашақта қалай көргіміз келеді? Олар баршылықта өмір сүріп, қарны тоқ, денсаулығы мықты әр білімді бола ма? Олар жайлы әрі еркін қоғамда өмір сүре ме? Олар бейтшілікте өмір сүре ме? Олар өздерінің және балаларының қауіпсіздігіне  сенімді болып, көшелерде еркін жүріп, өз мүлкіне алаңдамайтын бола ма?. Біз қуатты мемлекетті және біздің таяу және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасты мұраға қалдыра аламыз ба? Біз осы қарапайым, дегенмен маңызды сауалдарға бүгін жауап беруіміз керек», - деген болатын 1997 жылы алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев.

Міне, осынау кезеңнен бастау алған Елбасының қай Жолдауын алып қарасаңыз да мемлекеттің тұрақтылығы, дамуы, гүлденуі, тәуелсіздігін нығайтуы, халықтың әл-ауқатының артуы, ел экономикасының нығаюы сынды бәріміз үшін де маңызды жайттардың қамтылғанын байқау кез-келген азамат үшін қиын емес. Тіпті олар аталған құжаттардың «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: Қоғамды демократияландыру, жаңа ғасырдағы экономикалық және саяси реформа»,  «Елдің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам», «Елдегі жағдай және 2002 жылға ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы»,  «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылға негізгі бағыттары туралы», «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға негізгі бағыттары», «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында», «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында! Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!», «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты атауларынан-ақ елдің, мемлекеттің гүлденуі, халықтың бақуатты өмір сүруі үшін арналғандығын анық байқауға болады.

Айтпақшы, сонау 1997 жылы ха­лық­қа алғашқы Жолдауын арнаған Елбасы: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады», - деген болатын. Айтқаны айдай келгеніне бодандықтан басын босатып, биік белестерді бағындырып отырған еліміз куә. Сол кезеңдерде Президент сөздеріне шүбә келтіріп, күмәнмен қарағандардың қарасы аз болмағаны аян. Діттеген аталған межеге Қазақ халқы  33 жылда емес, бір мүшел жастың  өзінде-ақ жетті. Оған күні кеше Астанада 56 елдің басшы­лары мен халықаралық ұйым өкіл­дерінің басын қосқан Саммит - соның айшықты айғағы.

Жалпы, Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында елдегі әлеуметтік-экономикалық һәм саяси жағдайларға объективті сараптама қамтылып, Қазақ елі алдындағы нақты проблемаларды еңсеру жолдары көрсетіледі, оны еңсеру жолындағы билік басындағы басшылардың жоспарларымен қатар олардың алдында күтіліп отырған келелі міндеттері айқындалады.

Демек, ағымдағы жылғы Елбасының Жолдауы да осы жолдан таймауы мүмкін. Жалпы, бастапқыда өткен жылдағы еліміз жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталып өтетін Мемлекет басшысы елімізде орын  алған проблемаларды да бір сүзіп өтіп, Үкімет пен Парламент алдында нақты мерзімі мен параметрлері белгіленген тапсырмаларды жүктейді.

Қалай десек те, бүкіл Қазақстан халқы Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауын асыға күтіп отырғандығы рас. Ал ертең қандай сындарлы шешімдер қабылданып жататындығы уақыт еншісінде.

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат