Кері

«Саппоро-2017» Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

24.01.2017 20:45

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 2017 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық мәселелеріне арналған жиын өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен мәдениет және спорт министрлігінің Астанада 2017 жылы Саппородағы қысқы Азия ойындары мен 2018 жылы Пхенчандағы қысқы Олимпиада ойындарына қысқы спорт түрлерінен ұлттық құрама командалардың дайындық мәселелеріне арналған бірлескен отырыс өтті.

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, ҚР ҰОК қысқы спорт түрлері бойынша вице-президенті Асқар Мамин, ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, қысқы спорт түрлерінен ұлттық федерациялардың басшылары қатысты.

Қазақстандық спортшылар тәуелсіздіктен кейін қатысқан Олимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алған. Қазіргі таңда 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстары өтіп жатыр. Олимпиадалық лицензияларға күрес енді ғана басталуда. 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қазақстандықтар 8 спорт түрі бойынша 37 лицензияны иеленсе, Сочи қаласындағы қысқы Олимпиада Ойындарына 10 спорт түрі бойынша 52 лицензияға қол жеткізген болатын. 2018 жылы Оңтүстік Кореядағы Олимпиадада біздің спортшылар лицензия мен жүлделер саны бойынша көрсеткіштерді жақсартуды көздеп отыр.

"2017 жылы Саппорода өтетін Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Жапонияда ел намысын 116 спортшы қорғайды. Олардың ішінде, Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Роман Креч (конькимен жүгіру спорты), Дмитрий Рейхерд (фристайл) сынды атлеттер, шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер командалары бар. VIII қысқы Азия Ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады", - делінген xабарламада. 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат