Кері

Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: «2500 жыл бұрынғы мумия Баян-Өлгей музейіне қойылуы керек»

17.06.2017 12:24

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті музей әкімшілігі қазақтар қоныстанған Баян-Өлгей аймағынан табылған 2500 жыл бұрынғы мумия мен XIII ғасырдан сыр шертетін құнды жәдігерлерді өздеріне қайтарып алуға талпынып отыр. «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуында осы және өзге де тақырыптарды оқырман назарына ұсынады.

Түркістан - ТМД елдерінің тарихи қалаларының арасындағы бірінші қала - «Фарс» ақпарат агенттігі
1 

ТМД елдері бойынша Өзбекстан мен Қазақстан тарихи маңызды қалаларға бай елдер болып саналады, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«Еurasia.expert-тің мәліметі бойынша, Қазақстанның Түркістан қаласы тарихи он қаланың арасында бірінші орынға ие болды. Қазақстанның Түркістан,  Өзбекстанның Самарқанд және Бұхара қалалары ТМД елдері арасында 1-3-ші орындарды иемденді.  Сондай-ақ, ТМД елдерінің тарихи қалаларының тізіміне Қазақстанның Тараз, Әзербайжанның Гандже, Беларусьтің Витебск, Өзбекстанның Хива, Арменияның Гюмри, Тәжікстанның Ходжанд пен Түрікменстанның Мари қалалары тіркелді. Осы зерттеулер бойынша, жыл сайын Түркістанға 1 миллион турист келеді», деп жазады Иран елінің ақпарат таратушы көздерінің бірі parstoday.com сайты.    

Қытайда киіз үй пішінінде концерт залы ашылды - «Алтай ақпарат» сайты
2 

ҚХР Алтай аймағының Буыршын ауданында қазақ үй формасындағы ең үлкен концерт залы бой көтерді, деп хабарлайды altxw.com сайты.
2 

Қытайлық сайттың  жазуынша, Шыңжаңдағы киіз үй түріндегі ең үлкен концерттік залдың құрылысы 13 маусым күні аяқталды. Бірегей нысан «Алтай марал патшасы» атындағы мәдениет саябағында ашылды. Құрылыстың  жалпы аумағы 800 шаршы метрден астам, онда 600 адам мәдени шараларды еркін отырып тамашалай алады. Бұл, еркеше мәдени нысанға бас сұққан туристердің  қазақ мәдениетін танып-білуге деген қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз.
2 2 2 

Моңғолия елшісі Л.Баттулга: Қазақстанның көптеген артықшылықтарын үйрену керек - Кaznews
3 

Моңғолиялық Кaznews ақпарат сайты Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Л.Баттулганың МОНЦАМЭ ақпараттық агенттігіне берген сұхбатын жариялады.

Аталған сұхбатта елші Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасындағы түрлі деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынастарға тоқтала отырып, екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толғандығын, бұл уақыттарда 50-ге жуық құжаттарға қол қойылып, жүзеге асып келе жатқанын айтады.

«Еуразияда Қазақстан Республикасы маңызды рөл атқарып отыр. Біздің ең жақын серіктесіміз саналатын Қазақстанның қазба байлығы мол. Уран өндіру бойынша әлемде көшбасында, вольфром, мырыш қоры бойынша әлемде төртінші орында, көмір және мұнай қорлары көп. Бұл бағыттарда біз Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ниеттіміз. Мұнда кен игеруде жоғарғы технологияларды пайдалануда. Екі елдің сауда айналымы бүгінгі таңда 30 млн АҚШ долларын құрап отыр. Бізге сыртқы саудаға транспорт-логистика мәселесі кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ бұл мәселелер болашақта шешімін табатын мәселе ғой. Сондықтан сыртқы сауда айналымын арттыру мәселелерін қазірден зерттеуіміз керек. Кәсіпорындармен байланысты нығайтуымыз керек», дейді Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Л.Баттулга.

Сондай-ақ, елші сұхбатта Қазақ елінің қазіргі жүргізіп отырған  саяси-экономикалық реформаларының нәтижелі болғанын тілге тиек етіп, Қазақстанның осындай  артықшылықтарын Моңғолия үлгі етуі керек екенін айтады.

«...Шынын айтсақ бізде сыртқы саясат болсын, сыртқы сауда болсын 4-ақ жылдық бағыт ұстанып келеміз. Бір үкімет құрылып, 4 жылдық маңызы бар бағдарлама айтады. Біз үшін бұл тұрғыда Қазақстаннан үлгі алуымыз керек. Кейбір мемлекеттер сыртқы сауда-экономикалық байланысын 25 жыл, тіпті 50 жылмен жоспарлап қойған. Біз енді осындай жүйеге көшуіміз керек... Қазіргі жағдайда екі ел арасындағы транспорт мәселесі қиындау екені шындық. Алайда, мега жобалар жүзеге асып жатыр ғой. Мысалға, ҚХР-дың «Жібек жолы», «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының көбі Қазақстанмен байланысып отыр. Ал, біз бұл жолдарға қандай бір жолмен тоғысамыз. Бұл жобалар арқылы транспорт саласы дамып, сыртқы сауда кеңейеді,» дейді Елші.

Тілшінің «Қазақстан тарапынан Баян-Өлгий аймағына Консулдық ашу туралы ұсыныс жасалды, сіз бұған қандай пікір айтасыз?» деген сауалына орай елші: «Бұл мәселені біз зерттеп жатырмыз. Өзара келісіп шешім шығаруымыз керек. Алматы қаласында біздің консулдық қызмет бар. Сондықтан бұл мәселе де көп ұзамай шешімін табады деп ойлаймын», - деп жауап берген.

Алматыда «Шынжаң кино апталығы» өтіп жатыр - «Жэньминь жибао» (People Daily)
4 4 

Қытайлық kazakh.people.com сайты Алматы қаласында «Қазақстандағы қытай кино фестивалі - Шынжаң кино апталығы»  өтіп жатқаны туралы хабарлайды.

Дереккөздің жазуынша, аталмыш мәдени шара ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы, Қазақстандағы ҚХР Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен. 10 маусым күні басталған шара 25 маусымға дейін өз жалғасын таппақ. 
4 4 

«Екі аптаға жалғасатын «Шынжаң кино апталығы» шеңберінде Алматы қаласының «Кинопарк», «Арман» тәрізді 5 кинотеатрында әр алуан тақырыптағы және қою ұлттық ерекшелікке ие кино туындылар көрсетіледі. Олардың қатарында  оқиғалары шынайы өмірден алынып, шексіз махаббатты жырлайтын «Шынайы махаббат» фильмі, ақындықты асқақ мұрат тұтқан қазақ қызының айтыс өнерін өрге сүйрер сұлу жан-дүниесі суреттелген «Гүлбике» фильмі, Шынжаң жасөспірімдерінің жастық рухын жігерлендіруге бағытталған «Арман асуы» фильмі және ақша, адами қасиет, отбасы, махаббат және достық тақырыбындағы «Ақшаның әлегі» атты комедиялық фильм секілді тың туындылар бар», - деп хабарлайды Қытайлық  БАҚ.   

Ою-өрнек салуға шебер 100 жастағы әженің өлеңі - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)
5 

ҚХР Алтай аймағының Буыршын ауданында тұратын Махуза Әміреқызы биыл ғасырмен құрдас жасқа жетті. Әжеміз жүз жасқа келсе де бүгінге дейін өзінің жас күнінен сүйікті ісі болған ою-өрнек салатын өнерін жалғастырып келеді, деп жазады www.kazakcnr.com сайты.
5 

«Апамыз жас күнінен қолы өнерлі, шебер болып өскен.  Сол өнерінен қазір де жаңылмай, сырмақтың оюларын салғанда қолы қалтырамай, сәнді өрнектермен көмкеріп тастайды . Көзі де жақсы. Телевизор көріп, экрандағы жазуларды оқып отырады. Ермек үшін ою-өрнек салып, талай түптеме дәптерді толтырды. Мыналардың бәрін осы кісі салған», - дейді келіні Жайна Махуза әженің сызбаларын көрсетіп. Тек қазақы ою ғана емес, гүлдерді де әдемілеп сызатын апамыз реңдерді де әр түсті бояулармен айшықтап отыруды назардан қағыс қалдырмайды екен. Махуза әже -10 баланың анасы. Немере, шөберелері көз алдында ержеткен кейуананың ендігі арманы шөпшек сүю екен.  Ол арманы да орындалатын күн алыс емес секілді.

«Алтайдың ұрғызбайды бөденесі,

Барқыттың жыртылмайды кенересі.

Зауықсып жас баладан жүргенімде,

Көрсем-ау балалардың шөбересін», - деп өлеңдетіп отыр», деп жазады аталған сайт.

«Ясауи» өнер тобы Манисада концерт берді - ТРТ агенттігі
6 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Ясауи» өнер тобы Түркияның Маниса қаласында концерт берді. Бұл туралы Түркия Радио-Теледидар агенттігі хабарлайды.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Манисаның Юнус Эмре муниципалитетінің Рамазан айы шаралары аясында Ясауи өнер тобы түркі әлемінің әуендерін асқақтатқан. Түркияда білім алатын түркітілдес елдерден келген студенттерден тұратын «Ясауи» тобы түркі әлемінің бай мәдени  құндылықтарын таныстырып,  бауырлас елдер арасындағы көпірдің нығаюы үшін атсалысып келеді.
6 

«Манисадағы концертте де өнер тобы түркі тілдеріндегі әндері және билерімен аудан тұрғындарын өздеріне тәнті етті. Концерттен кейін Юнус Эмре муниципалитетінің төрағасы Мехмет Черчи «Ясауи» өнер тобының жетекшісі Елмира Шендуран ханымға алғыс айтып,  «Өнер тобы түркі әлемінің мәдениетін таныстырды.  Әуендерін шарықтатып,  билерін көрсетті. Осы өнер тобының құрушысы, әрі жетекшісі Елмира Шендуран да Юнус Эмре ауданына екінші рет қонақ болып келгендерін еске салып,  өздерін енді Маниса қаласының азаматы деп санайтындығын айтты», деп жазады ТРТ агенттігі.

2500 жыл бұрынғы мумия Баян-Өлгей музейіне қойылуы керек - Айшагүл Азаматқызы
7 

Жергілікті музей әкімшілігі қазақтар қоныстанған Баян-Өлгей аймағынан табылған 2500 жыл бұрынғы мумия мен XIII ғасырдан сыр шертетін құнды жәдігерлерді өздеріне қайтарып алуға талпынып отыр, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы. 
7 

«2006 жылы қазақтар қоныстанған Баян-Өлгей аймағының Улаанхус сұмынындағы (ауыл) қорымдардың бірінен 2500 жыл бұрын өмір сүрген «суыр ішікті, құсты бейнелеген киіз малақай киген» мұздатылған мумия мен Алтанцөгц сұмынан XIII ғасырдан сыр шертетін құнды жәдігер табылған.  Бұларды жергілікті музейге орналастыру туралы пікірін музей әкімшілігі Білім, мәдениет және ғылым министрлігіне жеткізіп отыр. Бұл жәдігерлер қазір Ел астанасы Ұланбатыр қаласындағы археологиялық институтында сақталып тұр. Әзірге министрліктен ешқандай шешім шыққан жоқ», дейді музей директоры Айшагүл Азаматқызы.
7 

Ақпарат көзінің жазуынша, Баян-Өлгейдегі музей 1948 жылы аймақтық өлкетану кабинеті болып ашылып, 1962 жылы аймақтық музей болып кеңейе түскен. 1988 жылы оның қазіргі ғимараты салынды. Онда  5100-ге жуық жәдігер сақталған. Мұнда археологиялық жолмен табылған жәдігерлер де бар. Олар көбінесе Улаанхус сұмынынан табылған. Сондай-ақ, көрме залында тұрған Сагсай сұмынының Даян өлкесінен табылған үлкен тайқазан, батырлардың сауыты, ер тоқымның екі қас ағашы, қыш құмыра деген сияқты құнды жәдігерлерді ең көне жәдігерлерге жатқызуға болады. Сынтас пен қазандар зерттеушілердің айтуынша 13-16 ғасырлардағы бұйымдар болып табылады.
7 7 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат