Кері

Таразда 100 жаңа есім жеңімпаздары атанған жамбылдықтарға құрмет көрсетілді

07.12.2017 22:38


ТАРАЗ. ҚазАқпарат -   Жамбыл облысында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы атанған жамбылдықтарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы шара Тараз қаласындағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түрлі бағыттары бойынша Өңірлік жобалық кеңсенің интерактивті кабинеттерін таныстыру аясында өтті. Интерактивті аумақта «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жетістіктері де көрсетілген.

«Өз талантымен, еңбегімен елінің даңқын асырған азаматтардың көпшілігі қарапайым адамдар, - деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өзінің құттықтау сөзінде. - Бұл ауқымды жоба өз қаһарманын көрсеткісі келген қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Жобаға барлық облыстардың, тіпті бар ауылдың тұрғындары қызығушылық танытты. Жобаның бірегейлігі мен ерекшелігі сол, жеңімпаздарды халықтың өзі ұсынып, өзі таңдады».

Жобаға Жамбыл облысынан ұсынылған  257 өтінімнің 86-сы қабылданған және оның 12-сі бір жарым миллионға жуық қазақстандық қатысқан онлайн-дауыс берудің республикалық кезеңіне жіберілген. Нәтижесінде, 8 жамбылдық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында сегіз жеңімпаз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысты.

«Республикалық кезеңнің сегіз жеңімпазының арқасында, біздің өңір жеңімпаздар саны бойынша үшінші орынды иеленді. Іріктеу барысында мыңнан астам адамның өмірбаяндары жиналды және бұл өмірбаяндар өскелең ұрпақ үшін жарқын мысал болмақ», - деді өңір басшысы.

Онлайн-дауыс беруде жамбылдық ардагер Сембек Сейдазимов 26 352 дауыспен республика бойынша екінші орын алды. «Кирпичник» ЖШС директоры, Жамбыл облысының алғашқы депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты»,  «Парасат» орденінің иегері С. Сейдазимов өзінің қайырымдылық істерімен, адалдығымен және әділдігімен танымал.

Полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев бес баланы асырап алып, отбасылық үлгідегі шағын балалар үйін салған. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров әлемдік ареналарда қазақстандық спортты насихаттап жүр. Тәттімбет атындағы академиялық  қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Ерлан Бақтыгерей өңірде жоғары кәсіби музыкалық ұжым құрды. Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургі Марат Саршаев Жамбыл облысындағы кіші отанын ұмытқан емес. Жуалы ауданының тумасы кәсіпкер Әбдібек Пошқаев тарихы ондаған жылдарға ұласатын танымал Бурненский ірімшігін өндіруге күш салып келеді.

Кездесуге «100 жаңа есім» жобасының тағы бір жеңімпазы, XV жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллина келе алмады. Ол Мексикаға Жүзуден паралимпиадалық чемпионатқа аттанды және кезекті рет жүзуден әлем чемпионы атанды және Халықаралық Паралимпиада комитетінің арнайы марапатына ие болды.

Салтанатты шараға өңір зияткерлері, облыстық басқарма басшылары,  Тараз қаласы мен аудан әкімдері және журналистер қатысты.

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат