Кері

Сүндет Байғожин туған жерінде тұңғыш концертін өткізді

07.12.2017 23:14

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы танымал опера әншісі Сүндет Байғожин Қостанайдағы бірінші ән кешін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық филармонияға жиылған кісі қарасы көп болды. Кеш иесі алдымен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Жерлестерінің ыстық ықыласы «Сұршақыз», «Аққурай» сияқты халық әндерінен соң да байқалды.

Концерттік бағдарламада Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Төлеген Мұхамеджановтар бейнеқұттықтауларын жолдады.



«Сүндет - біздің мақтанышымыз. Оның Рим сахнасын бағындыратынына сенімім мол. Жас кезінен өнерге деген құлшынысының арқасында талай жетістіктерге жетті. Сүндеттікіндей дауыс екінің бірінде жоқ», - деп ағынан жарылды Нұржамал Үсенбаева.

Мұнан соң атақты Августин Лараның «Granada», Валентенің «Passione», Петр Булаховтың «Тройкасы» шырқалды. Сондай-ақ, қостанайлықтарды өз өнерлерімен қуанту үшін «Астана Опера» театрының бір топ әртістері келді. Атап айтсақ, Сүндет Байғожин Айзада Қапановамен бірге «Севилья шаштаразы» операсындағы Фигаро мен Розинаны, Майра Бейнешпен «Маржан іздеуші» операсындағы Надир мен Зургиді орындады.

«Туған жердегі тұңғыш концерттік кеш жақсы өтті деп ойлаймын. Мені қолдауға келген барша әріптестеріме, тыңдармандарыма алғыс білдіремін. Рим сахнасын бағындыруым үшін сіздердің сенімдеріңіз аса қажет», - деп бөлісті опера әншісі.

Еске салайық, Сүндет Байғожин кеше тілшілермен кездесу барысында Италияға аттанар алдында, жерлестерінің батасын алып кетуге келгенін айтқан еді.

 

 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат