Кері

Маңғыстауда теңіз суын тұщыландыратын зауыт салынады

14.02.2018 07:25

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарақия ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша Құрық ауылы тұсында теңіз жағалауынан тәулігіне 50 мың текше метрге дейін су тұщыландыратын зауыт құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ералы Тоғжанов осы ауданға жұмыс сапары барысында «GFM Қазақстан» ЖШС базасындағы тренинг орталығының және аудандық жұмыспен қамту орталығының «Open Space» жаңа форматтағы жұмысымен танысқан. Сондай-ақ аудан әкімінің м.а. Қыдырберді Бековтың 2017 жылы атқарған жұмыстары және алға қойған міндеттері туралы халық алдында берген есебін тыңдады.

«Биыл ауданда 27 құдық қазу жоспарланып отыр. Аққұдық ауылында жаңбыр суын жинауға арналға 5 мың текше метрлік тоған құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда», - деді Қарақия ауданы әкімінің м.а. Қыдырберді Беков.

Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 2017 жылы 50  млрд  теңгеге жетті. Бүгінгі күні Құрық паромдық кешені арқылы барлығы 1 475 830 тонна жүк тасымалданды (импорт 593 348 теңге, экспорт - 882 482 теңге). Сонымен қатар, 28 жүк автокөлігімен 584,7 тонна жүк экспортталды.

 «Қарақия ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы шеңберінде Құрық ауылы теңіз жағалауынан тәулігіне 50 мың текше метрге дейін су тұщытатын зауыт құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Жобаның арқасында 450 жаңа жұмыс орыны пайда болады және аудандағы ауыз су мен техникалық су мәселесі толық шешімін табатын болады. Жоба құны - 50,0 млрд теңге.  Облыс әкімнің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевке, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын», - деді  облыс әкімі Ералы Тоғжанов. 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат