Кері

Астанада Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы таныстырылды

17.05.2018 13:47


АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Global Challenges Summit 2018 форумы аясында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының тұсаукесер шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күрделі сын-тегеуіріндердің бірі экономикалық өсімді, әлеуметтік тұрақтылықты және ұзақмерзімді келешекте экологиялық теңгерімділікті қамтамасыз ету саналатындығы сөзсіз. Бұл жаһандық қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелерінің бірі және Қазақстан мол табиғи ресурстарға ие ел ретінде әлемдік энергетикалық қауіпсіздіктің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі өз жауапкершілігін түсінеді. 2030 жылға дейінгі күн тәртібі мен Париж келісімі әлемдік қоғамдастық толықтай алғанда климаттық өзгерістерді ұстап тұру үшін күш-жігер біріктіруге дайын екендігін паш етіп отыр. Бүгінде біз үшін аталған процестегі өз үлесімізді, әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын Сіздерге таныстыру зор құрмет деп санаймыз», - деді шара барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Осы ретте Премьер-Министр БҰҰ, ЭЫДҰ, ЕҚЫҰ, Жаңаратын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік, Дүниежүзілік банк, ЕҚБҰ, Азия банкі және Еуропалық комиссияға қолдау көрсеткендері үшін ризашылық білдірді.

«Халықаралық орталық өткен жылы Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мұрасы базасында құрылған және өңірдегі жасыл экономикалық өсімді күшейтуге бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының жалғасы саналады. Біз ол Орталық Азиядағы бірінші технологиялық орталық ретінде инвестиция үшін тұрақты институттық негізге айналады деп сенеміз», - деді ол.

Ол Қазақстан Үкіметі жаңаратын энергия көздерін дамыту стратегиясын, өңірлік деңгейде қоршаған ортаға кері әсерлерді төмендетуді ұстанатындығын баса айтты.

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат