Кері

Франсуа Олланд табиғи ресурстар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге шақырды

17.05.2018 14:07

АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның экс-президенті Франсуа Олландтың пайымынша, әлемдік экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстардың бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұндай пікірді ол Астана экономикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз банк саласында қиын жағдай туындаған кездегі экономикалық дағдарысты есте сақтауымыз керек. Әрине, осының барлығы жеткілікті пысықталмаған қадамдарға байланысты болуы мүмкін немесе бұл мәселеге лайықты шешім жасалмады. Сонымен қатар табиғи ресурстар бағасының құлдырауын, оның ішінде мұнай бағасының төмендеуін назарға алу керек», - деп тоқталды Ф. Олланд.

Францияның экс-президенті экономикалық дағдарыс әлемнің барша өңірін шарпығанын, бұл өз кезегінде сауда және қаржылық қатынастар саласындағы талаптарды қатайта түсуге ықпал еткендігін атап өтті.

«Нәтижесінде, барша әлем үшін қолайсыз салдардың туындағанын көріп отырмыз. Сәйкесінше, тәуекелдер жекелеген елдерде де байқалуда. Осыған орай бүгінде тиісті саяси шешімдердің қабылдануын күтудеміз. Осы саяси шешімдердің кейбірін біз қазіргі кезде өзіміздің мемлекеттеріміздің аясында қабылдауымыз қажет. Немесе оларды жаһандық бастамалар аясында дәлелдеген жөн. Атап айтқанда, экономикалық, қаржылық, коммерциялық салалардағы ережелерде тұрақтылықты ұсыну керек. Сатып алу қабілеттлігі үшін бағалар тұрақтылығы қажет, әсіресе табиғи ресурстар мен шикізаттың бағасы тұрақты болғаны абзал. Мұнымен қоса, сауда жасау ережелерін де оңтайландыру керек. Себебі бүгінде осындай мүмкіндіктер ескерілмеген», - деп түйді Франсуа Олланд.

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат