Кері

«Астана» велокомандасы жаңа құраммен толығады

10.08.2018 21:19


АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Астана» велокомандасы «Bahrain-Merida»  командасының тәжірибелі итальялық жарысқа түсушісі Мануэль Боаромен екі жылға келісімге тұру жөніндегі құжатқа қол қойды. Жаңа спортшы командаға 2019 жылдың маусымында келіп қосылады, деп хабарлайды  «SPORTINFORM» САА. 

«Мануэле Боароның жасы 31-де,  дара старттағы жарыстардың тәжірибелі маманы. Сондай-ақ, тауда жүру қабілеті де жоғары. Ол кез келген жарыстарда өзін-өзі сенімді сезінеді, команданың көшбасшысына тауда жақсы көмек көрсетіп, жарыстағы жауапкершілікті өз мойнына ала алады», делінген клубтың баспасөз қызметінің пресс-релизінде.

Боаро ағымдағы маусымда «Хорватия турының» кезеңінің жеңімпазы атанған. Оның «Дания туры» (2014), «Сиркуит Сиклист Сарт» кезеңдеріндегі жеңісі мен Италия чемпионатының жеке жарысындағы екі күміс медалі жайында ерекше айтып кетуге болады.

«Мен маңсабымдағы жаңа әрі маңызды жолды бастағалы отырмын. Алдағы екі жыл бойы «Астана» командасының майкасында ойын көрсететін боламын. Жаңа түстер, жаңа серіктестер, жаңа жарыстар, жаңа шақыртулар... Менің бұларға күшім жетіп артылады. Мен Александр Винокуровтың артқан сенімін ақтау үшін түгел командаға үлгі болғым келеді», - деді Мануэле Боаро.

Винокуров Мануэле Боароны команда көшбасшысы үшін  керемет көмек көрсете алатын спортшы ретінде сипаттады.

«Ол біздің Гранд-турлардағы тобымызды күшейтетініне сенемін. Сондай-ақ, Мануэле жеке, командалық жарыстарда да үздік нәтиже көрсете алады. Біз командалық жарыстардағы нәтижелерімізді жақсарту үшін барынша күшімізді салатынымыз белгілі, сондықтан бұл спортшының бізге көмегі тиері сөзсіз. Боаро - мықты маман және оны келесі маусымда Астананың құрамында көре алатыным үшін қуаныштымын», - деді қазақстандық клубтың бас менеджері.

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат