Кері

Қазақстандық фильм Канадада көрсетіледі

10.08.2018 22:20

АСТАНА. ҚазАқпарат - Режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі Toronto International Film Festival конкурстық «Платформа» бағдарламасына қатысып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақфильмнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған фильмнен бөлек,  әлемнің әр қиырынан  «үздік режиссерлік көзқарасты көрсететін жоғары деңгейлі көркем» 11 авторлық картина бақ сынап отыр. «Аслан Трилогиясының» үшінші бөлімі шалғайдағы қазақ ауылында тұратын бауырлардың үйіне қалалық кісінің келуімен өмірлерінде өзгеріс пайда болатыны туралы баяндайды.  Картинаның түсірілімдері (Қазақстан, Норвегия және Польшаның бірлескен өндірісі ) 2017 жылы Алматы облысында өткен. Фильмге Байғазин трилогиясының бұған дейінгі бөлімдеріндегідей әуесқой актерлер түскен және өзі қоюшы-оператор ретінде жұмыс атқарған.

«Платформаның» биылғы қазылар алқасы мүшелері неміс киносының аңызы Маргарета фон Тротта, венгерлік режиссер Бела Тарр және корейлік режиссер әрі жазушы Ли Чхан Доннан тұрады.

Конкурстық «Платформа» бағдарламасы 2015 жылы енгізілген, онда көркем фильмдер мен қатар деректі кино да қатысады. Жеңімпаз атанған фильм режиссеріне 25 000 канадалық доллар берілетін болады. Ашылу салтанатында Джейми Белланың «Доннибрук» драмасы көрсетіліп, Каролина Погги мен Джонатан Вайнелдің дебюттік «Джессика мәңгілік» картинасымен фестиваль жабылмақ. Аталған бағдарламаның қатарына басты ролде Николь Кидман ойнайтын «Жоюшы» фильмі де кірген.

Торонтодағы Халықаралық кинофестиваль қыркүйектің 6 мен 16 аралығында өтеді. Естеріңізге сала кетейік, картинаның өндірісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Emir Baigazin Production, Norsk Filmproduksjon (Норвегия) және Madants (Польша) қатысқан.

null

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат