Кері

Ақтау саммиті Каспий теңізіндегі туризмді дамытуға ықпал етті

09.11.2018 16:08

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы аңшылық туризм үшін тартымды. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Каспий теңізіндегі туризмді дамыту үшін биыл тамызда Ақтауда өткен Каспий маңы мемлекеттерінің тарихи саммиті елеулі үлес қосты. Ақтау саммиті барысында мемлекет басшылары Каспий теңізі аумағын дамыту әлеуетіне қатысты ұсыныстарын айтты. Осы орайда аталған аймақта трансшекаралық теңіз круиздері туристер үшін аса тартымды болады», - деп тоқталды А. Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жақында орналасқан ірі халықаралық порттар Түркіменстанда, Әзербайжанда, Иранда екенін ескере отырып, теңіз инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі бар. Бұл ретте екі ел аумағында теңіз порттарының жаңа жолаушылар терминалдарын ашу керек.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша Маңғыстау облысында әлемдік стандарттарға сай жағажай демалыс аймақтарын құру жұмыстары басталды», - деді министр.

Бұдан бөлек А. Мұхамедиұлы Солтүстік Қазақстан облысы өзінің бірегей қорықтық аймақтарымен экологиялық әрі аңшылық туризм үшін тартымды екенін атап өтті.

«Әлемдік үздік тәжірибеге сүйене отырып, ұлттық табиғи парктер мен қорықтар барынша ашық болғаны жөн. Мысалы, Канададағы «Park Banf» ұлттық табиғи паркі жылына 5 миллионнан астам туристі қабылдайды. Жаңа Зеландияда аңшылық шаруашылықтардың жыл сайынғы табысы 900 млн долларды құрап отыр, ал Испанияда 84 млн доллар шамасында», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда ол бұл бағытта түскен қомақты қаржы  парктерді дамытуды, сондай-ақ биоресурстарды қалпына келтіруді қамтамасыз ететінін жеткізді. Бұл тұрғыда алдағы жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе аңшылық алқаптар мен ұлттық парктерді басқарудың жаңа моделін апробациядан өткізу жоспарланып отыр.

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат