Кері

Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары арасында тікелей әуе рейстері артады

09.11.2018 16:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары арасында тікелей әуе рейстерін дамыту керек. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің басты мақсатымыз - өзара тиімді мүдделерді алға жылжытуға кедергі болып тұрған мәселелерді шешу. Ол үшін таяу уақытта бірқатар қадамдарды іске асыру керек. Біріншіден, логистикалық дәліздер тақырыбын пысықтау қажет. Бүгінде екі елдің ірі қалалары арасында аптасына қос бағытта 210 тікелей әуе рейстері жүреді. Сонымен бірге, шекарамен шектес аймақтардағы  ірі облыс орталықтары арасында тікелей рейстер жоқ. Мысалы, Челябіден Астанаға жету үшін,  Мәскеу арқылы сапарлау керек», - деді министр.

Сонымен қатар А. Мұхамедиұлы Қазақстан мен Ресей арасында визалық-миграциялық режімдерді үйлестіру тақырыбына тоқталды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі елдің туризм саласын дамытудың мүмкіндіктерін баяндады.

Сонымен қатар онда Ақтау саммиті Каспий теңізіндегі туризмді дамытуға ықпал еткендігі айтылды.

Айта кетейік, бүгінгі форум «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» тақырыбында өтіп жатыр.

 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат