Кері

Қарағандыда 100 автокөліктің қатысуымен флешмоб өтті

11.02.2019 22:32

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда қаланың 85 жылдық мерейтойына орай 100 автокөліктің қатысуымен флешмоб өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім етілгендей, 100 көліктің 12-сі жол полициясының қызметтік машиналары.

«Қаламыздың түрлі алаңдарында автокөліктердің көмегімен «Біз сені сүйеміз» деген жазуды құрып, жоғарыдан түсіріп алдық. Мәселен, «сүйеміз» деген сөзді орталық мешіт алдындағы алаңда құрастырдық, «Біз» сөзі «Чайка» қонақ үйінің маңында жазылды. Себебі ол да қаламыздың ескерткіштерінің бірі. Ал «сені» сөзін GGG спорт кешенінің алдында құрастырдық. Біз үшін ол ерекше жер, себебі атақты жерлесіміздің есімі әлемге танымал», - дейді автофлешмоб ұйымдстырушыларының бірі Ольга Ершова. null   

Автоклубтардың жетекшілері алдын ала хабарландыру жасап, шараға кез келген ниет білдіруші қатыса алды. Дайындық жұмыстары екі ай уақытты қажет етті. Автомобильдер көлемі және түстері бойынша іріктелді. Жүрек пішінін жасау үшін 12 қызыл көлік таңдалды. Ал «85» санын құрастыруға жол полициясының қызметтік көліктері қатысты. 

«Осылайша біз сүйікті қаламызды мерейтойымен құттықтап, оған ыстық сезімімізді білдіргіміз келді», - дейді Ольга Ершова.

Аязды күндерге қарамастан, автокөлік иелері бірнеше сағат бойы композицияны құрастыруға қатысты. Қатысушыларға флешмоб демеушілері ыстық шай мен бутербродтар дайындады. Шараны ұйымдастыруға қала әкімдігі көмектесті.

Айта кетейік, бұл, Қарағанды қаласындағы көлік клубтарының ұйымдастырып отырған үшінші акциясы. Осыған дейін олар ардагерлерді 9 Мамыр мерекесімен, сондай-ақ қала тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтаған болатын.

 

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат