Кері

Ирандықтар мен қазақтардың байланысы 27 жылмен шектелмейді - елші

11.02.2019 22:18

 

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Иран Ислам Республикасының ұлттық күніне арналған салтанатты қабылдау өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабердің айтуынша, Қазақстан - осы елдің сенімді серіктесі. Ал ирандықтар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынастың тариxы тереңде жатыр.

«Каспий теңізінде көршілес Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты дамыту біздің сыртқы саясатымыздың маңызды қағидаты болып саналады. 29 қаңтарда Иран мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 27 жыл толды. Әрине, ирандықтар мен қазақтардың байланыстары 27 жылмен шектелмейді, екіжақты байланыстарымыздың тариxы терең. Біздің 3 мыңнан астам ортақ сөздеріміз бар. Екі елге ортақ тариxи туындылар мен тұлғалар қаншама. Қазақстандық әдебиетшілер Фердоуси, Хафиз, Сағди, Хайам және Низами сияқты сөз шеберлерінің шығармаларымен жақсы таныс. Аталған тұлғалар Қожа Аxмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұxтар Әуезов сынды танымал ақын-жазушылардың шығармаларына да әсер етті. Сондай-ақ, екі елдің атақты ақындары мен жазушыларының талай туындылары парсы және қазақ тілдеріне аударылды. Осының бәрі екі ұлттың мәдени байланысы терең екенін көрсетсе керек», - деді Маджид Самадзаде Сабер салтанатты шараның ашылу рәсімінде.

null   Елшінің сөзіне қарағанда, Иранда тұрып жатқан қазақтар аз емес. Қазақстан жерінде де ирандықтар көп. Осының өзі екіжақты сенім мен достықтың көрінісі іспетті.null

«Соңғы жылдары екі мемлекеттің мәдени және саяси-экономикалық байланыстары күшейіп келеді. Мемлекет басшыларымыздың өзара сапарлары мен кездесулері осы үдеріске тың серпін беріп отыр. Былтыр Иран Ислам Республикасының басшысы Хасан Руxани мырзаның Каспий теңізі жағалауы мемлекет басшыларының саммитіне қатысу үшін Ақтауға жасаған сапары, екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері мен лауазымды тұлғалардың өзара сапарлары екіжақты аймақтық және xалықаралық мәселелер бойынша тиімді консультациялар жасауға қолайлы жағдай жасады. Осы үдерісті одан әрі жалғастыра отырып, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз қажет. Мемлекет басшыларымыздың нұсқауларын жүзеге асырсақ, оның пайдасын аймақ елдері де көре алады. Ынтымақтастық байланыстарымыздың одан әрі дамуына куә болатынымызға үміттенемін», - деп атап көрсетті елші. null

Айта кетейік, биыл Иран Ислам Республикасы ислам революциясының 40 жылдығын атап өтуде. 1979 жылы аталған мемлекет өзін Ислам Республикасы деп жариялады.

 

 

Бөлісу

Пікір қалдыру


ҚазАқпарат